Қазақстанның жаңа Конституциясы: Денсаулық сақтау саласындағы кепілдіктер. ТМККК және МӘМС шеңберіндегі пациенттердің құқықтары

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енді. Ең алдымен, жаңа Конституция мемлекеттің маңызды әлеуметтік кепілдіктерінің бірі – азаматтардың денсаулығын қорғау құқығын сақтап қана қоймай, одан әрі нығайтқанын атап өткім келеді. Конституцияның 32-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы азаматтарының заңда белгіленген көлемде және тәртіппен өздері ақы төлемейтін медициналық көмек алуға құқығы бар.
Осылайша, мемлекет әрбір азаматқа қолжетімді медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету жөніндегі өз жауапкершілігін растады. Бұл конституциялық құқықтың іске асырылуы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
Жаңа Конституция денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік кепілдіктерді жойған жоқ. Тек конституциялық тұжырымдар жаңартылды, ал азаматтардың медициналық көмек алу құқығы толық көлемде сақталды. Бұрынғыдай мемлекет ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне сәйкес медициналық көмек көрсетуге кепілдік береді. Сонымен қатар, конституциялық өзгерістер денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жетілдіруге және оны қаржыландырудың тиімділігін арттыруға бағытталған.ТМККК – бұл МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесіне қарамастан, мемлекет әрбір адамға ұсынатын медициналық көмектің базалық пакеті.
Оған мыналар кіреді:
жедел медициналық жәрдем, оның ішінде санитариялық авиация;
алғашқы медициналық-санитариялық көмек – жалпы практика дәрігерлерінің, терапевтердің, педиатрлардың, учаскелік мейіргерлердің қабылдауы, профилактикалық іс-шаралар, вакцинация, созылмалы аурулары бар пациенттерді динамикалық бақылау;
шұғыл мамандандырылған медициналық көмек;
әлеуметтік мәні бар аурулар кезінде диагностика, емдеу және диспансерлік бақылау;
айналадағыларға қауіп төндіретін аурулар кезінде медициналық көмек;
шұғыл стационарлық көмек;
паллиативтік көмек және мейіргерлік күтім;
бекітілген тізбелерге сәйкес азаматтардың жекелеген санаттарын дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету.
Бұл әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығын сақтауға қажетті ең төменгі медициналық көмек көлеміне мемлекет кепілдік беретінін білдіреді.
Егер ТМККК мемлекеттік базалық кепілдіктерді қамтамасыз етсе, онда МӘМС медициналық көмек алу мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді.
Сақтандырылған азаматтар мына қызметтерді тегін ала алады:
бейінді мамандардың консультацияларын;
медициналық көрсетілімдер бойынша зертханалық және диагностикалық зерттеулерді;
жоспарлы мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекті;
жоспарлы ауруханаға жатқызуды;
медициналық оңалтуды;
стационарды алмастыратын көмекті;
МӘМС шеңберінде емделу кезінде дәрілік қамтамасыз етуді.
Осылайша, ТМККК мен МӘМС денсаулық сақтау жүйесінің өзара толықтыратын екі құрамдас бөлігі болып табылады. Олар профилактика мен алғашқы медициналық көмектен бастап жоғары технологиялық емдеуге дейінгі барлық кезеңдерде медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Ең бастысы – мемлекеттік кепілдіктер сақталды. Медициналық көмек бұрынғыдай қолжетімді болып қала береді, ал жүргізіліп жатқан реформалар оның сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Ауылдық денсаулық сақтауды дамыту, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту, диагностика мен емдеудің заманауи әдістерін енгізу, сондай-ақ денсаулық сақтаудың профилактикалық бағытын кеңейту жұмыстары жалғасуда.
Ұлытау облысында тіркелген 220 674 тұрғынның барлығы ТМККК алушылары болып табылады. Оның ішінде 191 308 адам (86,7%) сақтандырылған және МӘМС жүйесінде қосымша қызметтер ала алады. Шамамен 29 366 адамның МӘМС сақтандыруы жоқ және тек ТМККК бойынша медициналық көмек алады. Бұл топқа өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, тұрақты жарналары жоқ адамдар, сондай-ақ жұмыс берушілер төлемдерді аудармаған жұмысшылар кіреді.
Жалпы өңірде денсаулық сақтау саласын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс құрылғаннан бері 26 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді. Екі медициналық мекемеге күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, тағы бес нысанда жөндеу жалғасуда. 2025 жылы облыстық көпбейінді ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Өңір үшін аса маңызды бұл аурухана үш жыл ішінде толық жаңғыртылады. Реновация жобасы аясында мұнда кардиология, гастроэнтерология, пульмонология, ревматология, госпитальдық фармация бөлімшелері мен ынталандыру орталығы сияқты бес жаңа бөлімше ашылады. Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының ғимаратының құрылысы жоспарлануда.
Денсаулық сақтау саласын дамытуға жеке инвестициялар белсенді тартылуда — Сәтбаев қаласының ауруханасында травматология бөлімшесінің құрылысы жүргізілуде, Жезқазған қаласында 250 келуге арналған жаңа емхананың құрылысы басталды.
Онкологиялық аурулармен күрес жұмыстары да күшейтілді. Егер үш жыл бұрын 20 төсек-орындық бөлімшеде небәрі екі маман жұмыс істесе (қазір бөлімше 50 төсек-орынға дейін кеңейтілді), бүгінде онда жеті маман қызмет етеді. Жақын арада хирургиялық операциялар да жүргізілетін болады. Бөлімше қажетті медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, облыстық аурухана жанынан 100 төсек-орындық жаңа корпус салу арқылы бөлімшені кеңейту жоспарлануда.
21 бірлік санитариялық автокөлік сатып алынды. Жасанды интеллект қолданылатын радиологиялық зерттеулердің бірыңғай базасы (PACS) құрылды.
Барлығы 333 бірлік медициналық жабдық сатып алынды. Оның ішінде роботтандырылған микроскоп, 128 кесінділі компьютерлік томограф және ангиограф сияқты жоғары технологиялық жабдықтар бар.
Ауылдық медицинаның дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Ұлытау ауданында учаскелік ауылдық аурухана күрделі жөндеуден өткізілді, сонымен қатар жаңа аудандық аурухана пайдалануға берілмек, Жаңаарқа аудандық ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұнымен қатар, шалғай елді мекендердегі 20 фельдшерлік-акушерлік, медициналық пункттер және дәрігерлік амбулаториялар жаңартылды. Олардың өңірдегі жалпы саны – 36.
Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясында 19 фельдшерлік бригада жұмыс істейді, олар тәулік ішінде 270-300 дейін шақыртуларды орындайды. Тек 2026 жылдың басынан бастап өңір бойынша санитарлық авиациямен 142 жермен шығу және ұшу жүзеге асырылды. Оның ішіне Астана және Алматы қалаларындағы ұлттық медициналық орталықтарына жеткізулер де кіреді. Телемедицина арқылы 99 кеңес республикалық деңгейде, 65 кеңес облыстық деңгейде өткізілді.
Облыстық бюджет есебінен медицина қызметкерлерін ынталандыру және әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді. Өңірге келген 84 дәрігерге 5 млн-нан 8 млн-ға дейін көтерме жәрдемақы төленді. Оның ішінде ауылдық жерлерге келген 23 маманға 8 млн-нан берілді. Оған қоса олар тұрғын үймен қамтамасыз етілуде.
Жаңа Конституция адам денсаулығы мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі екенін тағы бір мәрте айқындады. Денсаулық сақтау жүйесінің негізгі міндеті – әрбір тұрғынды уақтылы, сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету.
Облыс тұрғындарын өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, профилактикалық медициналық тексерулерден уақытылы өтуге, скринингтік бағдарламаларға белсенді қатысуға, сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі ұсынатын мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға шақырамын.

Ұлытау облысы
Денсаулық сақтау басқармасы
басшысының орынбасары
Жакеев Дәурен Омарұлының мақаласы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *