ЖАҢА БИЗНЕС ОРТАЛЫҒЫ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

Ауданымызда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында тағы бір маңызды жоба жүзеге асты. Аудан орталығында жаңа «YRYS — QUT» бизнес орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтіп, ел игілігіне пайдалануға берілді.

Ашылу салтанатына аудан әкімі Қанат Шубайұлы Қожықаев қатысып, жиналған қауымды жаңа нысанның пайдалануға берілуімен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы кәсіпкерлік саласының аудан экономикасын дамытудағы рөліне тоқталып, жаңа бизнес орталығының тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп, кәсіпкерлердің жұмысын жандандыруға ықпал ететініне сенім білдірді. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерге сәттілік тілеп, «Кәсіпкерлік нысан ел игілігіне қызмет етсін» деген ақжарма тілегін жеткізді.

Жаңа нысанның ерекшелігі – оның мемлекет тарапынан ұсынылған арнайы бағдарламалар аясында емес, кәсіпкердің өз қаражаты есебінен салынғандығында. Бизнес орталығын жеке кәсіпкер Ерлан Қайруллаұлы Рсалдин іске қосып отыр.

Екі қабатты ғимараттың жалпы аумағы 750 шаршы метрді құрайды. Жобаның жалпы құны – 110 миллион теңге. Кәсіпкердің айтуынша, орталықтың негізгі мақсаты – аудандағы кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасап, сауда және қызмет көрсету бағытындағы бизнес өкілдеріне жалға берілетін заманауи орындар ұсыну.

«YRYS — QUT» бизнес орталығының ашылуы – ауданның инвестициялық тартымдылығы мен кәсіпкерлік белсенділігінің артып келе жатқанын көрсететін жарқын мысал. Мұндай нысандардың іске қосылуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халыққа көрсетілетін қызмет сапасының жақсаруына және жергілікті экономиканың одан әрі дамуына оң әсерін тигізеді.

Жеке кәсіпкерлердің осындай игі бастамалары ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, өңірдің өркендеуіне өзіндік үлесін қоса беретіні сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *