«Таза Қазақстан» – таза болашаққа бастар жол
Табиғат – адамзаттың алтын бесігі, тіршіліктің мәңгілік қайнар көзі. Оның әрбір өзені мен көлі, орманы мен даласы – халықтың баға жетпес байлығы. Осындай асыл мұраны көздің қарашығындай сақтау мақсатында елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жүзеге асырылуда. Бұл бастама қоршаған ортаны тазартумен ғана шектелмей, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруды, табиғатқа деген жанашырлықты арттыруды көздейді.
«Таза Қазақстан» – әр азаматты туған жеріне қамқорлықпен қарауға үндейтін игі іс. Көктемнің шуақты күндерінде ұйымдастырылатын сенбіліктерге жастар да, үлкендер де белсенді қатысып, көшелерді, саябақтарды, өзен-көл жағалауларын тазалайды. Қолына күрек ұстаған әр адам туған өлкесінің көркеюіне өз үлесін қосады. Бұл – еңбек арқылы елге деген сүйіспеншілікті көрсетудің жарқын үлгісі.
Тазалық – мәдениеттің айнасы. Қай жерде тазалық болса, сол жерде тәртіп, жауапкершілік және береке болады. Сондықтан «Таза Қазақстан» акциясы тек қоқыс жинау шарасы емес, ол – сананы жаңғыртуға бағытталған қоғамдық қозғалыс. Акция аясында ағаш отырғызу, көгалдандыру, қоршаған ортаны қорғау жұмыстары жүргізіліп, табиғатты аялаудың маңызы кеңінен насихатталуда.
Бүгінгі жас ұрпақ табиғатты қорғаудың мәнін терең түсінсе, ертең еліміздің экологиялық ахуалы да жақсара түспек. Өйткені туған жердің тазалығы – әр адамның азаматтық борышы. Табиғатты сақтау арқылы біз келер ұрпаққа көркем де көрікті, жасыл да жайнаған Қазақстанды аманат етеміз.
«Таза Қазақстан» акциясы – ел болашағына жасалған маңызды қадам. Әрбір азамат туған өлкесінің тазалығына бейжай қарамай, қоршаған ортаны қорғауға атсалысса, Қазақстанымыздың табиғаты бұрынғыдан да көркейіп, әлемге үлгі болары сөзсіз. Таза табиғат – дені сау ұлттың, жарқын болашақтың кепілі.