«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП: АДАЛДЫҚ, ҚАУІПСІЗДІК, БОЛАШАҚ» ФОРУМЫ ӨТТІ

Ұлытау ауданында қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтуға, заң үстемдігін дәріптеуге және жастар арасында адалдық пен қауіпсіздік қағидаттарын қалыптастыруға бағытталған «Заң мен тәртіп: адалдық, қауіпсіздік, болашақ» форумы өтті. Іс-шараға аудан тұрғындары, жастар және құқық қорғау органдары мен сала мамандары қатысты. Форум барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, қаржылық қауіпсіздік, интернет-алаяқтықтың алдын алу, есірткі қылмысына қарсы күрес және цифрлық гигиена мәселелері кеңінен талқыланды.

Форумның ашылуында аудан әкімі Аманжол Мырзабеков қоғамдағы тұрақтылық пен тәртіп халық пен билік арасындағы өзара сенімге негізделетінін атап өтті.

Сондай-ақ, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Сырым Салиханов сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңызын айтып, адалдық пен ашықтықтың қоғам дамуы үшін негізгі қағидат екенін жеткізді. Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілі Айгүл Жайлыбаева интернет-алаяқтық пен қаржылық қауіпсіздік мәселелеріне тоқталса, Полиция департаментінің өкілі Серік Нұртаев есірткі қылмысының алдын алу және жастарды зиянды әдеттерден қорғау қажеттігін атап өтті. Ал прокурор Еркен Баймағамбетов заң үстемдігі мен құқықтық сауаттылықтың қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін түсіндірді.

Форум аясында интерактивті бөлімдер ұйымдастырылып, жастар арасында АК-74 автоматын шашып-жинау сайысы өтті, сондай-ақ кинологиялық қызмет пен арнайы жасақтың көрсетілімдері ұсынылды.

Шара соңында қатысушыларға алғыс айтылып, заң мен тәртіпті сақтау, адалдықты дәріптеу және қауіпсіз қоғам құру – баршаға ортақ міндет екені атап өтілді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *