МЕМЛЕКЕТТІК КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫНА TELEGRAM БОТ АРҚЫЛЫ ШАҒЫМДАНУҒА БОЛАДЫ

Қазақстанда мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына қатысты азаматтардың шағымдары мен ұсыныстарын қабылдаудың тетігі іске қосылған. Тұрғындар мемлекеттік қызмет алу барысында туындаған мәселелер туралы Telegram мессенджері арқылы тікелей хабарлай алады.
Бұл мүмкіндік Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен жүзеге асырылып отыр. «EgovKzBot2.0» платформасы азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы кері байланысты жеделдетуге және қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған.
Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі онлайн форматта ұсынылады. Азаматтар анықтама алу, әлеуметтік төлемдер рәсімдеу, лицензия алу, түрлі тіркеу және құжаттандыру қызметтерін электрондық форматта пайдаланады. Осыған байланысты қызмет көрсету барысында туындайтын мәселелер бойынша шағымдар мен ұсыныстарды жедел қабылдау маңызды мәселелердің біріне айналып отыр.
Telegram қосымшасының кең таралуы жаңа платформаны халық үшін қолжетімді әрі ыңғайлы құралға айналдырады. Көптеген азаматтар күнделікті өмірде мессенджерді белсенді қолданатындықтан, енді мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты шағым беру процесі бұрынғыдан да жеңілдей түсті.
«EgovKzBot2.0» платформасын пайдалану үшін арнайы техникалық білім немесе қосымша дағдылар талап етілмейді. Қызмет алушы Telegram ботына кіріп, мемлекеттік қызмет көрсеткен орган туралы мәліметтерді енгізіп, өз шағымын, ұсынысын немесе пікірін қалдыра алады.
Платформа арқылы азаматтар ұзақ күту, негізсіз бас тарту, артық құжат талап ету, қызмет көрсету мерзімдерінің бұзылуы, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтамауы сияқты мәселелер бойынша өтініш жолдай алады.
Келіп түскен барлық өтініштер мен шағымдар жауапты тұлғалардың қарауына жіберіліп, заңнамада белгіленген тәртіппен қаралады. Азаматтарға кері байланыс ұсынылып, көтерілген мәселелерді қысқа мерзімде шешу жұмыстары жүргізіледі.
2026 жылдың бірінші тоқсанында «EgovKzBot2.0» платформасы арқылы әлеуметтік төлемдер, құжаттандыру, медициналық қызметті лицензиялау және өзге де мемлекеттік қызметтер мәселелері бойынша 9 өтініш келіп түскен.
Telegram бот арқылы азаматтар тек шағым қалдырып қана қоймай, мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстарын да жолдай алады. Бұл өз кезегінде халық пен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді диалог қалыптастыруға мүмкіндік береді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Ұлытау облысы бойынша департаменті