ЗАҢДЫ САҚТАУ – ӘР АЗАМАТТЫҢ МІНДЕТІ

Қоғамның тыныштығы мен елдің тұрақты дамуы – заң талаптарының сақталуына тікелей байланысты. Заң – мемлекет пен қоғам арасындағы үйлесімді қамтамасыз ететін басты құрал. Сондықтан заңды құрметтеу және оны сақтау әр азаматтың маңызды міндеті болып саналады.
Тәртіп пен жауапкершілік қалыптасқан қоғамда адамдар өздерін қауіпсіз сезінеді. Қоғамдық орындардағы мәдениет, жол қозғалысындағы тәртіп, өзара сыйластық – мұның барлығы заң талаптарын орындаудан басталады. Заңға бағыну тек жазадан қорқу емес, ол – елге, қоғамға және болашаққа деген құрметтің белгісі.
Бүгінде құқықтық сауаттылықты арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Әсіресе жастар арасында заң талаптарын түсіндіру, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында түрлі кездесулер мен түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып келеді. Себебі заңды білетін адам өз құқығын да, өзгенің құқығын да құрметтей алады.
Қазіргі таңда интернет алаяқтығы, қоғамдық тәртіпті бұзу, киберқылмыс сияқты құқық бұзушылық түрлері жиілеп отыр. Мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін әр азамат сақтық танытып, заң талаптарын қатаң ұстануы қажет. Әсіресе әлеуметтік желідегі ақпараттарға сенуде мұқият болған жөн.
Жаңаарқа ауданында да қоғамдық тәртіп пен құқықтық мәдениетті нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Құқық қорғау органдары тұрғындармен бірлесіп, түсіндіру шараларын өткізіп, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша түрлі акциялар ұйымдастыруда. Бұл жұмыстар ел ішіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Заң – баршаға ортақ. Оны сақтау арқылы біз әділетті әрі қауіпсіз қоғам қалыптастырамыз. Әр азамат заң талаптарына құрметпен қарап, қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосса, еліміздің дамуы мен бірлігі нығая түсері анық. Заңды сақтау – тек міндет қана емес, саналы азаматтың өмірлік ұстанымы болуы тиіс.