Таза ауладан – таза қоғамға

Қазіргі таңда қоршаған ортаның тазалығы – бүкіл қоғам үшін маңызды мәселелердің бірі. Табиғатты қорғау, көшелер мен аулаларды таза ұстау тек коммуналдық қызметтердің емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Осы бағытта елімізде жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы халықты экологиялық мәдениетке тәрбиелеп, тазалыққа деген жауапкершілікті арттыруда.

Тазалық ең алдымен адамның өзі өмір сүріп отырған ортасынан басталады. Ауласы таза үйдің берекесі артып, тұрғындарының көңіл күйі де көтеріңкі болады. Таза аула – балалардың қауіпсіз ойнайтын орны, үлкендердің демалатын жайлы мекені. Сондықтан әр тұрғын өз ауласын таза ұстауға бейжай қарамауы тиіс.

Бүгінде көптеген өңірлерде сенбіліктер ұйымдастырылып, тұрғындар көшелерді, саябақтарды және қоғамдық орындарды тазалау жұмыстарына белсенді қатысуда. Бұл – қоғамдағы бірлік пен жауапкершіліктің айқын көрінісі. Әсіресе жастардың табиғатты қорғауға атсалысуы қуантарлық жағдай. Өйткені экологиялық мәдениет жас ұрпақтың санасында қалыптасса, болашақта қоршаған ортаға жанашыр қоғам қалыптасады.

Қоршаған ортаны таза ұстау – тек бір күндік шара емес, ол күнделікті өмір салтына айналуы қажет. Қоқысты арнайы орындарға тастау, ағаш отырғызу, су мен табиғи ресурстарды үнемдеу – мұның барлығы экологияны сақтауға қосылған үлес.

Халық даналығында «Тазалық – саулық негізі» деп бекер айтылмаған. Таза ортада өмір сүрген адам денсаулығын сақтап қана қоймай, қоғамның дамуына да оң ықпал етеді. Сондықтан әрбір азамат тазалықты өз ауласынан бастап, туған жердің көркеюіне үлес қосуы керек.

«Таза ауладан – таза қоғамға» деген ұстаным әр адамның өмірлік қағидасына айналғанда ғана еліміздің экологиялық мәдениеті жоғарылап, табиғаты көркем, келешегі кемел Қазақстанды бірге қалыптастыра аламыз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *