Құрметті үміткерлер!
2026 жылғы 1 сәуірден бастап 1 маусымға дейін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистратура және докторантура бағдарламаларына 2026-2027 оқу жылына құжат қабылдау жүріп жатыр.
Оқуға қабылдау мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде (орталық мемлекеттік органдардың және жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері үшін), сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың қаражаты немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаржыландыру көздері есебінен (мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын ведомстволық бағынысты ұйымдардың өкілдері, квазимемлекеттік сектор субъектілері және мәслихат депутаттары үшін) жүзеге асырылады.
Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша ақылы негізде Академияда оқуға Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетел азаматтарын қабылдау конкурстық негізде жүзеге асырылады.
Үміткерлер құжаттарын admission.apa.kz ақпараттық жүйесіне тіркеліп, өтініш беру арқылы жүзеге асырады.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша магистратураға 200 жуық адам, докторантураға 12 адам қабылданады.
Биыл жаңадан «EMBA – ІСКЕРЛІК ӘКІМШІЛЕНДІРУ», «MDAAIPS – МЕМЛЕКЕТТІК СЕКТОРДАҒЫ ЦИФРЛЫҚ ТАЛДАУ ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ» магистратура және «DDPA – ЦИФРЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ» докторантура бағдарламалары енгізілді.
Жаңа оқу жылына құжаттар 16 білім бағдарламасы бойынша қабылданады, атап айтқанда:
1) оқу мерзімі 1 жылды құрайтын «MPA – Мемлекеттік басқару» және «MDPA – Цифрлық мемлекеттік басқару» магистратура бағдарламалары;
2) оқу мерзімі 1,5 жылды құрайтын «MSHRM – Адами ресурстарды стратегиялық басқару» және «MRD – Өңірлік даму» магистратура бағдарламалары;
3) жұмыспен қатар оқуға мүмкіндік беретін магистратура бойынша 1 жылдық модульдік «EMPA – Мемлекеттік басқару», «MRD – Өңірлік даму» және «EMBA – Іскерлік әкімшілендіру» білім беру бағдарламалары;
4) оқу мерзімі 2 жылды құрайтын «MPP – Мемлекеттік саясат», «ME – Экономика», «MIR – Халықаралық қатынастар» магистратура бағдарламалары;
5) оқу мерзімі 3 жылдық «DPA – Мемлекеттік басқару», «DIR – Халықаралық қатынастар», «DE – Экономика» және «DDPA – Цифрлық мемлекеттік басқару» докторантура бағдарламалары. Сондай-ақ, модульдік оқыту қағидаты бойынша 3 жылдық «DDPAm – Цифрлық мемлекеттік басқару» бағдарламасы.
Оқуға түсу үшін электрондық форматта келесі құжаттарды жүктеу қажет:
1) мемлекеттік органның жолдамасы (мемлекеттік қызметкерлер үшін);
2) жеке басын куәландыратын құжаттың электрондық көшірмесі;
3) қосымшасымен бірге жоғары білім туралы құжаттың сканерленген нұсқасы;
4) мемлекеттік тілді білу деңгейі В1-ден төмен емес екенін растайтын QAZAQ RESMI TEST сертификаты немесе ҚАЗТЕСТ сертификаты;
5) докторантура бағдарламалары мен «Халықаралық қатынастар», «Мемлекеттік саясат» магистратура бағдарламаларына үміткерлер үшін ағылшын тілін білу деңгейін растайтын халықаралық сертификаттардың бірі қажет;
6) мемлекеттік қызметшілер үшін: мемлекеттік қызмет персоналы бойынша бірыңғай автоматтандырылған дерекқордан алынған не жұмыс орны бойынша кадр қызметі растаған қызметтік тізім;
өзге үміткерлер үшін: еңбек қызметін растайтын құжат, сондай-ақ «МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ» және «МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТ» білім беру бағдарламаларына оқуға түсу кезінде басшы лауазымындағы еңбек өтілін растайтын құжат;
7) функционалдық еңбек өтілі бар екенін растауды талап ететін білім беру бағдарламалары бойынша үміткерлер үшін қосымша – жұмыс орны бойынша кадр қызметімен расталған лауазымдық нұсқаулық және құрылымдық бөлімше туралы ереже талап етіледі;
8) докторантура бағдарламаларына үміткерлер үшін – зерттеу жұмысы жоспарының жобасы (research proposal);
9) және де соңында электрондық-цифрлық қолтаңбамен қол қойылған электрондық өтініш қажет.
Академияға қабылдау науқаны бойынша толық ақпаратты Жезқазған қаласы, Холмецкий көшесі, 26 мекенжайында орналасқан Академияның Ұлытау облысы бойынша филиалында танысуға болады, байланыс телефондары: +7 777 136 3395 (директор), +7 777 394 7285 (жауапты тұлға).