Кітап – руханияттың алтын қазығы

Кітап – руханияттың алтын қазығы

23 сәуір – Халықаралық кітап күні аясында С.Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің ұйымдастыруымен «Кітап және кітапхана» атты тағылымды іс-шара өтті. Бұл мазмұнды кездесу кітаптың қоғамдағы орны мен маңызын дәріптеуге, оқырман мәдениетін қалыптастыруға және авторлық құқықтың мәнін түсіндіруге бағытталды.

Іс-шараға арнайы қонақ ретінде алты мектептің кітапханашылары қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Кәсіби пікір алмасу барысында кітапханашылардың қазіргі заман талабына сай жұмыс істеу тәсілдері мен оқырман тартудағы жаңа әдістері талқыланды. Сонымен қатар, кітапхананың тұрақты оқырмандары мен Оқушылар үйінің тәрбиеленушілері кітаптың адам өміріндегі рөлі туралы ой бөлісіп, әсерлі әңгіме өрбітті.

Кездесу барысында кітапханашының қоғамдағы рөлі ерекше атап өтілді. Кітапханашы – оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір ғана емес, сонымен қатар білім мен руханияттың жанашыры. Кітапхана саласында еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі қашанда құрметке лайық екені айқын көрініс тапты.

Шара аясында авторлық құқық мәселесіне де ерекше назар аударылды. Әрбір шығарманың артында автордың еңбегі тұрғаны, оны қорғау – өркениетті қоғамның басты қағидаларының бірі екені кеңінен түсіндірілді. Бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстары жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ықпал етті.

Сонымен қатар, Нәзира Қожахметқызы Дәулетованың өмір жолы мен еңбегі кеңінен насихатталды. Оның адамгершілікке, білімге және адал еңбекке негізделген тағылымды ғұмыры жас ұрпаққа үлгі ретінде ұсынылды. Нәзира Қожахметқызының мұрасы – бүгінгі буын үшін құнды қазына, келешекке аманат екені ерекше атап өтілді.

Бұл іс-шара кітаптың құндылығын дәріптеп қана қоймай, кітапхана мен кітапханашылардың қоғамдағы маңызын айқындап, рухани сабақтастықты нығайтуға бағытталған мазмұнды кездесу болды. Мұндай тағылымды шаралар арқылы оқырман мәдениеті қалыптасып, жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығы арта түсетіні сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *