Заң мен тәртіп: есірткіге қатысты онлайн-контентке шектеу қоюдың маңызы
Есірткі – қоғамның ең қауіпті індеттерінің бірі. Оның таралу жолдары күн өткен сайын өзгеріп, цифрлық кеңістікке де белсенді түрде еніп келеді. Бүгінде әлеуметтік желілер мен түрлі сайттар арқылы заңсыз есірткі айналымына қатысты ақпараттар таралуда.
Осындай жағдайда интернетте есірткіге қатысты контентті іздеу немесе оған кіру әрекеттеріне міндетті ескерту енгізу – уақыт талабы. Бұл шара ең алдымен азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған.
Көп жағдайда адамдар интернеттен ақпарат іздеу барысында оның заңсыз екенін аңғармауы мүмкін. Ал арнайы ескерту хабарламасы пайдаланушыға нақты сигнал береді: «Бұл әрекет заңға қайшы және жауапкершілікке әкелуі мүмкін».
Мұндай ескертулер жастар үшін ерекше маңызды. Себебі олар интернетті белсенді қолданушылар қатарында. Ерте кезеңде берілген ескерту – олардың дұрыс таңдау жасауына ықпал етеді.
Сонымен қатар, бұл бастама «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған. Әрбір азамат өзінің әрекеті үшін жауапты екенін түсінуі тиіс. Интернеттегі тәртіп – шынайы өмірдегі тәртіптің жалғасы.
Қорыта айтқанда, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте тек құқық қорғау органдары ғана емес, бүкіл қоғам бірігуі қажет. Ал міндетті ескерту жүйесі – осы бағыттағы маңызды әрі тиімді қадамдардың бірі.