Батырбек Мырзабековке «Алаш» әдеби сыйлығы табысталды
Бүгін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ұлытау өңірінің тумасы, поэзия, проза және публицистика жанрларында өнімді еңбек етіп жүрген көрнекті қаламгер Батырбек Мырзабековке беделді «Алаш» әдеби сыйлығы табыс етілді.
Қазақстан Жазушылар одағы тағайындаған бұл мәртебелі марапатты Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова салтанатты түрде табыстады.
Батырбек Мырзабеков – «Тасбұлақ», «Ұлытаудың ұлымын», «Жеті қыз» секілді туындыларымен оқырман жүрегінен орын алған, сондай-ақ журналистика мен әдебиет саласында ұзақ жылдар бойы жемісті қызмет атқарып келе жатқан қаламгер.
Айта кетейік, «Алаш» әдеби сыйлығы 1992 жылдан бері қазақ әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосқан ақын-жазушыларға беріліп келеді. Дәстүрлі түрде екі жылда бір рет табысталатын бұл марапат – ұлттық руханиятты өркендетуге сүбелі үлес қосқан қаламгерлер еңбегінің жоғары бағасы.