Заңды құрметтеу – жарқын болашақтың кепілі

Жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу – қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағытта Жастар ресурстық орталығы мен Пробация бөлімі (сотталғандарды бақылау және түзету қызметі) бірлесе отырып, тағылымы мол экскурсия ұйымдастырды.

Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ қаржы пирамидалары мен интернет алаяқтық сияқты заманауи қауіптердің алдын алу болды. Осыған орай Ғалым Жарылғапов атындағы аграрлық колледждің студент қыздары «ҚР ІІМ №35 мекеме» РММ-не арнайы барып, мекеменің жұмысымен танысты.

Экскурсия барысында қатысушылар мекеменің тыныс-тіршілігін өз көздерімен көріп, құқықбұзушылықтың салдары қандай болатынын тереңірек түсінді. Сонымен қатар, мамандар тарапынан заң талаптарын сақтау, дұрыс шешім қабылдау және әр адамның жеке жауапкершілігі туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл кездесулер жастардың өмірге деген көзқарасын қалыптастырып, қателікке жол бермеудің маңызын ұғындыруға бағытталды.

Бүгінде қаржы пирамидалары мен интернет алаяқтық секілді қауіптер жастар арасында жиі кездесіп отыр. Сондықтан мұндай алдын алу шараларының маңызы зор. Уақытылы берілген дұрыс бағыт пен ақпарат – жастардың болашағын қорғаудың сенімді жолы.

Осындай тәрбиелік мәні жоғары іс-шаралар жас ұрпақтың саналы, жауапты әрі заңға құрметпен қарайтын азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.

⚖️ Заңды құрметтеу – әр азаматтың міндеті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *