Тазалық акциясы – қоғамға серпін

Елімізде кең көлемде жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы – тек сенбілік немесе бір реттік шара ғана емес, бұл – қоғам санасын жаңғыртуға бағытталған маңызды бастама. Аталған акция аясында елді мекендерді абаттандыру, көше бойларын, саябақтарды, су айдындарын тазарту, ағаш отырғызу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Тазалық – мәдениеттің, тәртіптің және жауапкершіліктің көрсеткіші. Сондықтан бұл акция халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға зор ықпал етуде. Әсіресе жастардың белсенділігі ерекше қуантады. Еріктілер, студенттер, түрлі мекеме қызметкерлері мен ауыл тұрғындары бір кісідей жұмылып, туған жердің көркеюіне өз үлестерін қосуда.
Акция барысында тек қоқыс жиналып қана қоймай, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары да жүргізілуде. Табиғатты қорғау, қоршаған ортаны ластамау, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мәдениетін қалыптастыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Себебі таза орта – дені сау ұлттың кепілі.
Мұндай игі шаралар адамдарды ортақ мақсатқа біріктіреді. Бірлік бар жерде – береке бар. Көшені, ауланы, ауылды таза ұстау әр азаматтың азаматтық борышы екені айқын сезіледі. «Таза Қазақстан» акциясы қоғамға серпін беріп, жауапкершілікті арттыруға, табиғатқа деген жанашырлықты күшейтуге жол ашуда.
Қоршаған ортаны қорғау – бір күндік науқан емес, үздіксіз үрдіс. Сондықтан әрқайсымыз тазалықты өзімізден бастап, туған жеріміздің көркеюіне үлес қосуымыз қажет. Сонда ғана біз келер ұрпаққа таза да жайлы орта қалдыра аламыз.