Ұлытау облысында инвестициялық ынтымақтастықты дамыту бағытында маңызды кездесу өтті
Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Нұртас Кәріпбаев қытайлық Shaanxi Zhongtian Haobo Real Estate Development Co., Ltd компаниясының өкілдерімен инвестициялық кездесу өткізді. Кездесу барысында жылжымайтын мүлікті дамыту және өткізу, сондай-ақ өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Аталған компания Қытай Халық Республикасындағы өз саласы бойынша жетекші құрылымдардың бірі және ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру тәжірибесіне ие.
Келіссөздер аясында тараптар Қарсақбай кентінде техногенді минералды түзілімдерді (өндірістік қалдықтарды) өңдеу зауытын салу мүмкіндігін жан-жақты қарастырды.
Жобаны іске асыру нәтижесінде 300-ге дейін жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бұл бастама өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға, экономикалық белсенділікті күшейтуге және халықты жұмыспен қамту деңгейін көтеруге оң ықпал етпек.
Ұлытау облысы инвестиция тарту және өнеркәсіптік әлеуетті дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда.
