Аудан әкімі әлеуметтік маңызы бар құрылыс нысандарын аралады
Жаңаарқа ауданының әкімі Қанат Қожықаев өңірде жүзеге асырылып жатқан бірқатар әлеуметтік маңызы бар құрылыс нысандарын аралап, олардың орындалу барысымен танысты. Жұмыс сапарының негізгі мақсаты – тұрғындар үшін маңызды жобалардың белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқталуын қамтамасыз ету.
Алдымен аудан басшысы тұрақты тұқымбақ салу жобасының жүзеге асырылу деңгейін тексерді. Бұл бастама Ұлытау облысының елді мекендерін жүйелі түрде көгалдандыруға бағытталған. Жоба толық іске қосылған жағдайда аудан мен облыс аумағы абаттандыруға қажетті көшеттерді жергілікті жерде өсіріп, өз сұранысын қамтамасыз ете алады. Әкім нысан инфрақұрылымын толық аяқтап, көшет өсіру процесін кезең-кезеңімен ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ жобаның экологиялық және әлеуметтік тиімділігіне ерекше назар аударды.
Келесі нысан – Ә. Оспанов көшесі, №53А мекенжайында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үй. Бұл үй медицина қызметкерлерін баспанамен қамтуға арналған. Аталған жоба ауданға білікті мамандарды тарту және оларды әлеуметтік тұрғыда қолдау шараларының бір бөлігі болып табылады. Аудан әкімі құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстау, еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау және нысанды уақытылы пайдалануға беру қажеттігін тапсырды.
Сапар барысында төрт 48 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы да назардан тыс қалмады. Бұл үйлер әлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба жүзеге асқан жағдайда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың мәселесін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік туады. Әкім жауапты мекемелерге құрылыс қарқынын төмендетпеуді, бөлінген қаржының тиімді әрі мақсатты игерілуін және жұмыстардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуді міндеттеді.
Жұмыс сапарының қорытындысында аудан басшысы барлық нысандар бойынша тұрақты бақылау жүргізілетінін айтып, құрылыс сапасы мен мерзімнің сақталуы басты талап екенін тағы бір мәрте атап өтті.