Мәселелер назарға алынып, тапсырмалар берілді
Облыс әкімінің орынбасары Нұртас Ғалымұлы Кәріпбаев ауданымызға жұмыс сапарымен келіп, бірқатар әлеуметтік нысандар мен құрылыстардың жай-күйімен танысты. Сапар барысында оны аудан әкімі Қанат Шубайұлы Қожықаев, аудан әкімінің орынбасарлары Әсет Жұмажанұлы Аманжолов және Мұрат Есіркепұлы Ибраев бірге ертіп жүрді.
Алдымен делегация Ақтүбек ауылында салынудағы фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылыс жұмыстарын көрді. Нысандағы бірқатар кемшіліктер көрсетіліп, мердігерге түзету жолдары нақты тапсырылды.
Одан кейін облыс әкімінің орынбасары Алғабас елді мекеніндегі газ құбырын тарту жұмыстарымен танысты. Жауапты бөлім басшысы атқарып жатқан жұмыстардың кезеңдері мен алдағы жоспарлар туралы баяндап берді.
Сапар әрі қарай Жаңа нұр елді мекеніндегі тұрғын үй құрылысының барысын бағамдаумен жалғасты. Құрылыс қарқыны, сапасы және мерзімдік орындалуы назарға алынды.
Сондай-ақ, көпбейінді аудандық орталық ауруханаға барып, дәрігерлермен тілдесті. Бұдан соң жаңадан салынған поликлиниканың ішкі бөлімдерін аралап, кабинеттердің жабдықталуы мен науқастарды қабылдау жағдайымен танысты.
Нұртас Ғалымұлы Кәріпбаев Халыққа қызмет көрсету орталығында болып, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын көрді. Мұнда халық көп шоғырланатыны, ғимараттың тарлығы қызмет тиімділігіне әсер ететіні айтылды.
Сапар соңында делегация «Жандос» супермаркетіне барып, азық-түлік бағасының тұрақтылығы жөнінде ақпарат алды. Дүкен басшылығы баға мониторингі бойынша мәлімет ұсынды. Сонымен қатар «Айым Айша» құрылыс дүкеніне аялдап, сатылымдағы құрылыс материалдарының сапасы тексерілді. Сараптау нәтижесінде материалдар талапқа сай екені айтылды.
Жұмыс сапары қорытындысында облыс әкімінің орынбасары тиісті бөлімдерге нақты тапсырмалар беріп, көтерілген мәселелерді дер кезінде шешуді міндеттеді.
Сәнім АСХАТҚЫЗЫ