АГРОСАЛА ДАМУЫ – АУЫЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ НЕГІЗІ

Мал шаруашылығы – ауыл экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Бүгінде өңірде бұл саланы дамытуға бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылып, бордақылау алаңдары мен өндірістік кооперативтер мал басын көбейтіп, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуда. 12 қаңтар күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Жигули Молдақалықұлы Дайрабаев жұмыс сапарымен аудан аумағындағы бірқатар шаруа қожалықтарын аралап, ауыл шаруашылығы саласының бүгінгі жай-күйімен және даму бағыттарымен танысты. Іссапар барысында агросаланы дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Аталған шараға Ұлытау облысы аппаратының басшысы Теңірбай Қоңырұлы Смағұлов, Ұлытау облысы ауыл шаруашылығы жер қатынастары басқармасының басшысы Алмаз Өмірзақұлы Саухимов, аудан әкімі Қанат Шубайұлы Қожықаев, аудандық мәслихат төрағасы Юржан Асанұлы Бекқожин, аудандық ветеринарлық станцияның басшысы Қанат Бейсенұлы Мұқанов, аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қазыбекұлы Әбдіғожин қатысты. Сонымен қатар, жиынға Ұлытау облыстық мәслихатының аграрлық, жер, а у ы л шаруашылығы және ветеринария жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Гүлназ Шынтөреқызы Омарова да қатысып, саладағы өзекті мәселелер мен алдағы міндеттерді атап өтті. Сапар басында «Берікбол» шаруа қожалығының бордақылау алаңына барды. 2018 жылы құрылған бұл өндірістік алаң 500 бас ірі қара малға арналған. Шаруа қожалығының жетекшісі Берікбол Тілеубайұлы Мұқашев бордақылау бағытындағы жұмыстармен, өндірістік әлеуетімен таныстырды. Қазіргі таңда қожалықта 27 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, орташа жалақы 150 мың теңгені құрайды. Ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы аумағы – 4000 гектар, оның ішінде 1700 гектары жайылым. Мал басы 325 ірі-қара және 120 жылқы. Сонымен қатар, қожалық жыл сайын 350 400 тонна шөп дайындап, мал азығымен толық қамтамасыз етіп отыр. Мал шаруашылығы – ауылды тұрақты табыс пен жұмыспен қамтудың басты көзі. Осы бағытта қолға алынған нақты жобалар өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр. Келесі кезекте «Орда» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысты. Талдыбұлақ ауылдық округінде орналасқан қожалықтың жер көлемі 1460 гектарды құрайды. Мұнда 101 бас ірі қара, 117 жылқы, 61 бас қой-ешкі өсіріледі. Қожалық қажетті техникалармен қамтамасыз етілген. Бұл өз кезегінде
шаруашылық жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Ата кәсіпке жаңа серпін беріп отырған мал шаруашылығы бүгінгі таңда ауыл өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Қазіргі жобалар дәстүр мен заманауи тәсілдерді ұштастыра отырып, саланың болашағын айқындауда. Сапар аясында «ORYNBAI MEAT» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің болашақ жобасы да таныстырылды. Аталған кооператив «Ақбас» ірі қара өсіруге арналған мал шаруашылығы кешенінің құрылысын қолға алмақ. Жобаның негізгі мақсаты – 600 бас ірі қара малын ұстауға және өсіруге арналған инфрақұрылым қалыптастыру. Жалпы инвестиция көлемі 661 млн теңгені құрайды. Жоба іске асқан жағдайда құрылыс кезеңінде 25 адам уақытша, ал пайдалануға берілген соң 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Соңғы жылдары мал шаруашылығы саласына салынған инвестициялар өндірістік инфрақұрылымды нығайтып, бордақылау алаңдары мен шаруашылықтардың тиімділігін арттыруға жол ашты. Іссапар барысында Жигули Молдақалықұлы ауыл шаруашылығы саласының аймақ экономикасындағы маңызын атап өтіп, мұндай жобалар ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің әлеуметтік-кономикалық
дамуына серпін беретінін жеткізді. Қорыта айтқанда, мал шаруашылығы саласында жүзеге асырылып жатқан жобалар өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға айтарлықтай үлес қосуда. Шаруа қожалықтарының жүйелі жұмысы, инвестициялардың тартылуы және жаңа жұмыс орындарының ашылуы ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.
Сәнім АСХАТҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *