Ұлттық ойындар – рухани қазына
Қазақтың көне ұлттық ойындарының бірі «Тоғызқұмалақ» ойыны болып табылады. Мыңдаған жылдық тарихы бар ойын логикалық математикалық ойлау мен төзімділікті дамытуға арналған. «Тоғызқұмалақ» ойынының басты міндеті – ойын шұңқырларындағы тастарды жылжыту, оларды «қазанға» мүмкіндігінше көбірек жинау. Былай қарағанда ешқандай қиындығы жоқ сияқты, бірақ шынтуайтына келгенде логика мен тапқырлық ұштаспаса бірден жеңіліс табасыз. Бұл интеллектуалдық ойын болғандықтан математикалық ойлау, есептеу қабілеттерін дамытуға зор ықпал етеді.
Тоғызқұмалақ — халықаралық деңгейде танылып, ресми спорт түріне айналған. Бүгінде әлемнің 40-тан астам елінде ойнайды. Біздің де ауданда бұл ойында шеберлігімен танылған спортшыларымыз бар. Аталмыш ойында қомақты жеңістерге жетіп, шеберлігін дәлелдеп жүрген аудандық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Руслан Әбдіғалымұлы Казимов епті тоғызқұмалақшы. Ауданымыздың атынан тоғызқұмалақ ойынынан өтетін барлық деңгейдегі сайысқа қатысып, ұлттық спорттың өрлеуіне үлес қосып жүрген жан.
-Руслан Әбдіғалымұлы, ұлттық ойындар ішінен неге нақты тоғызқұмалаққа қызықтыңыз? Сіз үшін тоғызқұмалақ қандай ойын?
-Мен үшін тоғызқұмалақ жай ғана ойын емес. Ол – халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрі, бейнесі. Тоғызқұмалақ қазақ халқының дәстүрлі зияткерлік ұлттық ойыны, әлемдік деңгейде танылған логикалық әрі математикалық ойыны. Ойынның басты мақсаты — логикалық ойлау, есептеу, талдау арқылы бәсекелесті жеңу, көбірек құмалақ жинау (162-ден 82 құмалақ жинаған жеңіске жетеді). Пайдасы да ұшан-теңіз. Логика мен ойлау қабілетін дамытады, Математикалық есептеуге, стратегиялық ойлауға баулиды. Төзімділік, шыдамдылық, шешім қабылдау қабілеттерін арттырады. Балалар мен жастарға танымдық, тәрбиелік мәні зор. Дәстүрді ұлықтайды, ұлттық рухты нығайтады, Халықаралық жарыстарға қатысу арқылы ел намысын қорғауға мүмкіндік береді. Бұл — ұлттық зияткерлік мұра, адамның ақыл-ойын, логикасын дамытатын құнды мәдени құндылық.

Руслан Әбдіғалымұлының тоғызқұмалақ ойынына деген қызығушылығы 6-7 сынып оқып жүрген кезінде басталыпты. Н.Крупская (қазіргі Б.Амалбеков) атындағы мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нольд Юрий Андреевич осы ойынға баулыған алғашқы ұстазы. Кейін Юрий Андреевич Германия мемлекетіне көшіп кеткен соң дайындық жұмыстары тоқтап қалады. Дегенмен, іргетас мықты қаланған болу керек араға 31 жыл салып, тоғызқұмалақ тақтасына қайтадан отырады. Санада ұмытыла бастаған ойын ережесін қайта жаңғыртып, еске түсіріп, қайтадан басынан бастап үйренеді.
Дайындықтардан соң, 2023 жылы Ұлытау облысының мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиадаға қатысты. Ол жылы 7 турдың бірде-бір турында жеңіске жете алмайды. Дегенмен бұл сайыс тәжірибе жинау, білімді жетілдіру, қарсыластарды тану, өз күшін бағамдау жөнінен өте үлкен сабақ болады. Бұл жеңіліс Руслан Әбдіғазымұлының көңіліне қаяу салмайды. Қайта дайындықты күшейтіп, жеңіске деген ынтасын арттырады. Келесі 2024 жылы қайта бағын сынайды. Бұл жолы жүлделі орын бұйырып, облыстық мемлекеттік қызметшілер арасында өткен спартакиадада 2 орын алды. Ал былтырғы 2025 жылы облыстық мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиадада 5 кезеңнің бәрін жеңіп, 1 орынға қол жеткізеді!
Жаңа жылдың 9-11 қаңтар күндері аралығында Жаңаарқа ауданында тоғызқұмалақтан ерлер мен әйелдер арасында Ұлытау облысының жекелей чемпионаты өтті. Жарысқа жалпы 60-тан астам спортшы қатысты. Жарыс тоғызқұмалақтың үш түрінен өткен: классика (әр ойыншыға 45 мин), рапид (әр ойыншыға 15 мин), блиц (әр ойыншыға 7 мин). Көргендеріңіздей, әр ойын түріне берілетін уақыт әртүрлі. Неғұрлым қысқа уақыт ішінде ойыншы өзінің ептілігімен мен математикалық шеберлігін дәлелдей білуі қажет.
Чемпионатқа ауданымыздың атынан қатысқан әріптесіміз Руслан Әбдіғалымұлы Казимов осы жарыста тоғызқұмалақтан классика түрінен 1-орын алып, Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер (СШҮ / КМС) атағына ие болды! Сонымен қатар биылғы ақпан айында Павлодар қаласында өтетін тоғызқұмалақтан ерлер мен әйелдер арасында Республикалық жекелей чемпионатына Ұлытау облысының атынан жолдама алды. Бұл біздің аудан, облыс үшін үлкен жеңіс!
-Ұлттық ойын біздің болмысымыздың бір бөлігі. Бүгінде тоғызқұмалақ ойынына деген қызығушылық өте жоғары. Әсіресе жастар жағы керемет ойнайды. Міне, осы чемпионаттың өзінде 2 сынып оқитын бала бәсекеге түсті. Осы қалпынан таймаса, Алла қаласа, болашақта республика чемпионы болады деген кәміл сенімдемін.
Алда республикалық чемпионат күтіп тұр. Ол жерде қарсыластар өте мықты болады. Ұлттық ойынымыздың осындай үлкен дәрежеге көтеріліп, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленгеніне мен қуаныштымын. Жарыстарға қолымыздан келгенше барып қатысып жүрміз. Осындай мүмкіндік беріп, қолдау көрсетіп отырған аудан әкімі Қ. Ш. Қожықаевқа алғысымды білдіремін. Жекелей ойнасақ та, сайланып командамен барамыз. Өзім ала алмасам да бірге барған спортшы орынға ие болса, қатты қуанамын. Спорт бұл ептілікті, шапшаң ойлау қабілетін арттырып қана қоймай, арадағы бірлікті, бауырмалдықты күшейтеді деп білемін. Әр жеңіс мен үшін күш береді, сенім береді.
Чемпионатпен қатар тағы бір дәстүрлі ойын – асық атудан республикалық жарыс өткізілді. Арасындағы үзілістерде асық ойынын тамашаладық. Мықты-мықты мергендердің бәсекесін көріп, көңіл қуанды. Қандай ұлттық ойынды алсақ та, барлығының спортшыға берер пайдасы мол. Ұлттық ойынды көтеру, ол – ұлтымызды көтеру,-дейді өз сөзінде Руслан Әбдіғалымұлы.
Қорыта айтқанда, қазақтың ұлттық ойындары сауықтық жағынан ғана емес, ол — спорт, ол — өнер, ол — шаруашылық тәжірибелік маңызы бар тәрбие құралы. Сол себепті, ұлттық спортты дамытып жүрген спортшыларға жоғары қолдау мен үлкен құрмет лайық.
Салтанат БАЛТАБАЙҚЫЗЫ
МТ