Әлеуметтік саланың ардақты майталманы
Ауданның әлеуметтік саласында ұзақ жылдар абырой мен қызмет атқарған, өз ісінің шебері, білікті басшы Шолпан Қалуқызы Ибраева құрметті еңбек демалысына шықты. Шолпан Қалуқызы өзінің саналы ғұмырын халыққа қызмет етуге арнады. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласында отыз жылға жуық еңбек етіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, мұқтаж жандарға көмек көрсету, зейнетақы мен жәрдемақы мәселелерін шешуде үлкен жауапкершілікпен жұмыс істеді. Ұзақ жылғы тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында аудан жұртшылығы арасында зор құрметке ие болды. Әріптестері үшін – ақылшы, қарамағындағылар үшін – талапшыл әрі әділетті басшы бола білді. Шолпан Қалуқызы Ибраева 1963 жылы 26 желтоқсанда Қарағанды қаласында көп балалы отбасында дүниеге келеді. Уақыт ағымымен отбасы Жаңаарқа ауданына қарасты Ортау ауылына көшіп келеді. Әкесі ауылшаруашылық саласында бірнеше жылдар еңбек еткен білікті маман. Анасы үй шаруашылығында, шаңырағының берекесін келтіріп, балаларының тәрбиесімен айналысқан жан. Ортау мектебінің табалдырығын аттаған ол, сегізінші сынып оқитын кезінде аудан басына көшіп келіп Н.Крупская атындағы мектепте білімін жалғастырады. 1981 жылы орта мектепті аяқтап, Мичурин аграрлық өнеркәсіп техникумында оқиды. 2005 жылы Қарағанды экономикалық университетінің «Қаржы және несие» мамандығы бойынша «Экономист мамандану: Банк ісі» оқу орнын аяқтаған. Шолпан Қалуқызының еңбек жолы ертеден басталды. Әр салада білімі мен біліктілігін сынап, тәжірибесін жетілдіре түсті. Атасу кентінің интернационалдық ынтымақ клубының басшысы, аудандық ЛКСМ комитетінде статист, Бидайық совхозының есепшісі, осы жылы Жаңаарқа ауданының автокөлік паркінде инспектор-диспетчер, аға диспетчер, Атасу кентінің өндірістік бірлестігінде есепші-кассир, «Дәнекер» АҚ-ның есепшісі болып еңбек етеді. 1999 жылы әлеуметтік саладағы қызмет жолы басталады. «Жаңаарқа ауданының еңбек биржасы» КМҚК-ның бас есепшісі болып жұмысқа орналасады. Жалпы ауданымыз бойынша әлеуметтік сала атауы бірнеше рет өзгерді. «Аудандық еңбек, жұмыспен қамту және халыққа әлеуметтік көмек көрсету бөлімі», «Аудандық халықты әлеуметтік қорғау басқармасы» деп өзгертіліп, кейінгі атауы «Жаңаарқа ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар мемлекеттік мекемесі» болып бекіді. Әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі – жұмыссыздарды еңбекпен қамтамасыз ету, оларды кәсіби дайындықтан және қайта дайындықтан өткізу, халықтың аз қамтылған топтарына, мүгедектерге, оралмандарға көмек көрсету, атаулы көмек бойынша жұмыс жүргізу, тұрғын үй жәрдемақыларын тағайындау және төлеу, тағы басқа көптеген әлеуметтік мәселелерді шешу үшін құрылған мекеме. Шолпан Қалуқызы Жаңаарқа аудандық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімі мемлекеттік мекемесінде бас маман болып қызмет ете жүріп, 2004 жылдан бастап мекеменің басшысы болып тағайындалады. Жалпы еңбек өтілі – 39 жыл, әлеуметтік сала бойынша еңбек өтілі – 20 жыл.-Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы тоқырау әлі көпшіліктің есінде. 2000 жылдар жаңа ғасырға аяқ басып, еліміздің барлық саласына енді ғана жан бітіп, қан жүгіре бастаған шақеді. Бүгінгі күнгі жетістікке қол жеткізу үшін бұл жолдан өтуіміз заңдылық. Ол уақытта барлық жұмыс қағаз жүзінде жүргізіледі. Қазіргідей компьютерлендірілген бағдарламалар енді қалыптаса бастаған кез. Қарағанды облысындағы басқармада жұмыс бір
қалыпқа қойылған. Сол мамандардан үйренеріміз көп болды. Әп дегенде қиындыққа шыдамаған 2-3 маман жұмыстан шығып кетті. Оқыдық, меңгердік, білім алдық, тәжірибе жинадық, сонымен бірлігі мығым, білікті кадрлармен толыққан ұжымға айналдық. Мен басшылыққа келген уақытта мамандардың көбісінде лайықты білімі болмады. Уақыт өте келе оқуға түсті, орта білімі бар адамдар жоғары білімді дипломға қол жеткізді. Бүгінгі күні әлеуметтік қызметкерлердің көбісі жоғары білімді,-дейді Шолпан Ибраева мекеменің өсу жолы туралы әңгімелеп. Білікті басшы өз қызметінде әлеуметтік көмек жүйесін жетілдіруге үлес қосты, көп балалы аналар мен мүгедектігі бар азаматтарды қолдау шараларын ұйымдастырды, жастарды жұмыспен қамту бағытында бірқатар жобаларды іске асырды, ұжымда сыйлы, білікті мамандардың өсіп-жетілуіне жағдай жасады. Қажырлы еңбекке лайықты марапаттар берілетіні белгілі. 2014 жылы «ҚР ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу ұйымдары қызметкерлері кәсіподақтар одағы» заңды тұлғалардың бірлестігі орталық комитетінің Құрмет грамотасы, бірнеше рет Қарағанды
облысы әкімінің және Ұлытау облысы әкімінің Құрмет грамотасы, бірнеше рет аудан әкімі мен мәслихатының Құрмет грамотасы және алғыс хаты, Жаңаарқа аудандық халық мешітінің бас имамының алғыс хаты табысталды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі, «Жаңаарқа ауданына 80 жыл және 90 жыл» мерейтойлық медальдары, Президент Жарлығымен Тәуелсіздікке 30 жыл мерекелік медальдары ұсынылды. 
«Шолпан Қалуқызы, көп жылдар бір мекемені ұйымшылдықпен басқарудың сыры неде?», деген сұрағымызға: -мен өзі осы ұжым арасынан шықтым. Бұл саланың қыр-сырына қанық болдым. Әріптестеріме тең дәрежеде қараймын. Шешілуге тиісті мәселені талқыға саламын, әркімнің ойын тыңдап, таразылаймын. Қатты дауыс көтеріп, ешкімнің ар-намысына тимеймін. Дегенмен, керек уақытында ескерту жасаймын. Осы уақытқа дейін ұжымда қақтығыстар, шиеленістер болып көрген емес. Ұжымым – екінші отбасыма айналды. Жыласа, бірге жылаймыз, күлсек, бірге күлеміз. Әрине, қимыстық бар. Бірақ зейнет жасына жеттім деп жұмыстан қол үзу ойымда жоқ. Егер мүмкіндік болса, әрі қарай еңбек етіп, білгеніммен бөлісіп, ақыл-кеңесімді айтып, қызмет етуге күш-қуатым жеткілікті. Біздің салада жұмыс істеу үшін стресске төзімділік қажет. Себебі, біздерге әлеуметтік жағынан осал топтар келеді. Біреуі ашынып келеді, бір адамдар заң шеңберінде жасалатын жұмыстардың ретін түсінбей жатады. Соның барлығын сабырмен жеткізіп, әр адамның мінез-құлығын барлап, ойын түсініп, соған орай тәсіл қолданамыз. Тіл табысуға тырысамыз. Ол кісілер бізден көмек сұрап келеді, мемлекеттің қолдауын күтеді,-деді. -Жастарға айтар ақыл-кеңесіңіз?-Жастарға үйренуден, алға ұмтылудан талмаңдар деймін. Үлкендердің жанында жүріп, көп үйреніңдер. Қандай тапсырма берілсе де қорықпай орындап, жаңашылдықтан, қиындықтан қорықпаңдар деймін. Өзіміз солай қалыптастық. Алғаш басшы болып тағайындалған уақытта ол уақытта аудан әкімі Серік Шайдаров, менен бір ауылда тұратын кісінің аты-жөнін сұрады. Ойымда ештеңе жоқ «білмеймін» дедім. «Егер, бұл салада істегіңіз келсе, әр ауылдың ит-мысығына дейін білуіңіз керек»,- деп ескерту жасады. Осы сөз санамда мықтап қалып қойды. Жұмыста ұсақ-түйек деген болмайды. Барлығына үлкен мән беріп қарау қажет. Сол кезде жұмысың мәнді жүреді.
Шолпан Қалуқызы жеке өмірінде асыл жар, аяулы ана, қамқор әже. Ұлы Мейірзаттың заңгер әрі экономист деген екі жоғары мамандығы бар. Қарағанды қаласында заң орында қызмет етеді. Жан жары Әсел Қарағанды қаласында жеке емханада дәрігер. Үш баланың ата-анасы. Шолпан Қалуқызы – қызметіне адал, адамгершілігі мол, парасатты басшы. Ол кісінің өмір жолы — еңбек пен жауапкершіліктің, төзім мен тектіліктің жарқын үлгісі. Зейнет жасыңыз
құтты болсын, Шолпан Қалуқызы! Еңбегіңіздің зейнетін көріп, балаларыңыздың, немерелеріңіздің қуанышына бөлене беріңіз!
Салтанат БАЛТАБАЙҚЫЗЫ
МТ