Президент сұхбаты шағын жолдауға ұқсайды — саясаттанушы

АСТАНА. KAZINFORM — Саясаттанушы Данияр Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбатына орай пікір білдірді

— Президенттің дәстүрге айналған қаңтардағы сұхбаты (үшінші рет) шағын жолдауға ұқсайды. Тоқаев өткен жылдың жетістіктері туралы айтып, болашаққа жоспар қояды және сонымен қатар сынға жауап береді. Сұрақ-жауап форматы Мемлекет басшысының тұлғасын біршама кеңірек тануға мүмкіндік береді. Жан-жақты алып қарағанда, Тоқаев президенттікті барынша ауыр жұмыс ретінде қабылдайды. Бірақ ол бұл міндетті өзінің мемлекеттік көзқарасы мен елдің негізгі мәселелерін, экономикасын, менталитетін және басқару жүйесін терең түсінуі арқылы табысты атқарып келеді. Президент өз атына айтылған сынды кәсіби емес әрі біліксіз деп есептейді. Ол халық пен бизнес-элита жоғары мұраттарға сай болуы үшін олардың менталитеті мен әдеп нормаларын түбегейлі жаңартуға ниетті. Тоқаев реформатор көшбасшының қоғам тарапынан түсінбеушілік пен қабылдамау сынды бағытына қарсы тұрудағы аса маңызды рөлін атап өтті, — деп жазады саясаттанушы Telegram-парақшасында. 

Оның атап өтуінше, Президент сұхбатының едәуір бөлігін салық реформасының және «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының маңызына арнады. Мемлекет басшысының пайымынша, жаңа Салық кодексі, бірінші кезекте, қазіргі заманғы қоғамдық келісімшарт саналады. Онда салықтар ауыртпалық ретінде қабылданбауы тиіс. Екіншіден, бұл — тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу құралы. Бұл ретте сөз логистика, ауыл шаруашылығы, туризм, цифрландыру, атом энергетикасы және Президент жоғары бағалайтын жасанды интеллектті дамыту туралы болып отыр.

— Тарифтік саясат туралы айар болсақ, онда Тоқаев энергетикалық және коммуналдық секторлардың инвестициялық тартымдылығын жақсартудың түбегейлі маңыздылығы туралы пікірді қолдайды. Оның айтуынша, төмен тарифтерден, арзан энергиядан және жанар-жағармайдан халық емес, олигархтар, ірі бизнес пен делдалдар пайда көреді. Сонымен қатар, «еліміз лажсыздан көрші елдерге арзан жанар-жағармайдың көлеңкелі жеткізушісіне айналып, олардың экономикаларын қолдап отыр». Сондықтан тарифтердің көтерілуі — бұл дұрыс, адал экономикаға қарай азапты қадам, — деді Данияр Әшімбаев.

Саясаттанушының айтуынша, Президент қаңтар оқиғасы тақырыбына тоқталып, «Төңкеріс» жасауға әбден машықтанған мамандардың жетекшілігімен тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар Үкіметтің жанар-жағармай бағасын өсіру туралы шешімін желеу еткеніне, адамдарды жаппай шеруге шығуға итермелегіне назар аудартады.

— Бұл жолы Президент сыртқы саясат мәселелеріне көп көңіл бөлмегенімен елдің қорғаныс қабілетіне қатысты мәселеге уақыт арнады. Тоқаев армияға бағытталған сынға қарсы қатаң пікір білдіріп, «танымалдыққа ұмтылған кейбір блогерлер әскердегі шынайы ахуалға мүлдем жанаспайтын сөз таратып жүргенін» айтты. Мемлекет басшысы Путин мен Назарбаев әңгімелесуі барысында не айтылғаны қызықтырмайтындығын түсіндірді. Тоқаевтың айтуынша, билік транзиті туралы айтуға әлі ерте. Бірақ, осы жыл «тағдыршешті» болады. Сөз осы жылдың соңына қарай өтуі ытимал конституциялық реформа жөніндегі референдум жайында болып отыр. Көшбасшының рөлі мен жауапкершілігі туралы сөз бастаған Президент оны шынай патриотизм туралы сауалмен аяқтады. Оның пайымынша, «Отаншыл болу — туған еліңнің, отбасыңның игілігі үшін аянбай еңбек ету», — деді Данияр Әшімбаев.

Айта кетейік, бүгін «Turkistan» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған басылымның бас редакторы, белгілі ақын, публицист Бауыржан Бабажанұлына берген кең көлемді сұхбаты жарияланды. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *