Жастарға патриоттық тәрбие беру мәселесі талқыланды
Жақында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, «ҚР Қарулы Күштері ардагерлері» және «Atamnyn amanaty» қоғамдық бірлестіктері бірге Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Тарихи жадыны сақтау ұрпақ сабақтастығы мен жастарға патриоттық тәрбие берудің маңызды фактор ретінде» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өткізді.
Конференция Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы аға ұрпақ ерлігін ұлықтаудың, тарихи жадыны сақтаудың жаңа жолдарын, бағыттары мен формаларын іздеу, тарихи-өлкетану қызметін, архивтік — іздестіру жұмыстарын жандандыру, сонымен қатар өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу және ұрпақтар сабақтастығын дамытуды талқылауды мақсат етіп қойды.
Жиынды «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің Басқарма төрағасы Мұрат Молдағалиев ашып, жүргізіп отырды. Конференцияның басты қонағы – «ҚР Қарулы Күштері ардагерлері» ұйымы басшысының орынбасары, генерал-майор Марат Нағұманов аталған ұйымның төрағасы, Халық Қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың алқалы жиынға қатысушыларға арналған құттықтау сөзін оқып берді. Онда былай делінген:
«Тарихи жады – ұрпақ сабақтастығының негізі. Дәл осы жад арқылы жастар өткеннің маңызын терең ұғынып, елдің болашағы үшін өз жауапкершілігін сезінеді. Бүгінде әлем күрделі өзгерістер кезеңін бастан өткеріп жатқанда, тарихи ақиқатты сақтау, тарихты бұрмалауға қарсы тұру және патриоттық сананы күшейту айрықша өзектілікке ие.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлері ретінде біздің миссиямыз – жас буынға еліміздің қаһармандық тарихын жеткізіп қана қоймай, Отанға қызмет етудің жарқын үлгісі арқылы олардың адамгершілік бағдарын нығайту. Соғыс және еңбек ерлерінің, ел тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғаған әскери қызметшілердің рухын қастерлеу – тарих алдындағы да, келер ұрпақ алдындағы да ортақ борышымыз.
Конференция жұмысы патриоттық тәрбиенің тиімді жүйесін дамытуға бағытталған идеялармен, озық тәжірибелермен және нақты бастамалармен алмасатын маңызды алаңға айналатынына сенімдімін».
Содан кейін ҚР Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы сөз алды. Ол өз сөзінде «Atamnyn Amanaty» және «ҚР Қарулы Күштері ардагерлері» ұйымдары арасында орнаған нәтижелі ынтымақтастығымызды ерекше атап өткім келеді. Бірлескен жобалар, көрмелер, архивтік-іздестіру бағдарламалары, ардагерлермен кездесулер мен білім беру іс-шаралары бізге қоғамдық диалог алаңын кеңейтуге, ұлттық тарихты тұтас қабылдауды қалыптастыруға және тарихи білімнің сабақтастығын нығайтуға мүмкіндік беріп отыр дегенді айтты.
Конференция жұмысы келесі бағыттар бойынша ұйымдастырылды:
1. Екінші дүниежүзілік соғыс тарихы бойынша жаңа зерттеулер мен жобалар;
2.Музейлерде соғыс туралы тарихи материалдарды ұсынудың заманауи формалары: жаңа тәсілдер мен тенденциялар;
3. Жауынгер тағдыры: архивтік зерттеудің теориясы мен практикасы, далалық іздестіру жұмыстарының нәтижелері;
4.Ұлы Жеңістің тарихи жадын сақтау жастарға патриоттық тәрбие берудің маңызды факторы ретінде.
Конференция барысында ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары, Халық Қаһарманы, генерал-майор Қайрат Үмбетов, “Мемориалдық аймақ” іздестіру жасағының жетекшісі Майдан Құсайынов, ҚР ҚК Ұлттық қорғаныс унивесритетінің оқытушысы, полковник, PhD докторы Алмагүл Алдабергенова, тарих ғылымдарының кандидаты, отставкадағы полковник Манас Мағұлов, педагогика ғылымдарының кандидаты, отставкадағы полковник Асқар Қалиев, «Atamnyn Amanaty» қоғамдық ұйымының мұрағаттық іздестірушісі Мейірхан Нұрхайдарқызы және басқалар жоғарыдағы бағыттар бағыттар бойынша баяндамалар жасады.
Әбубәкір Смайылов,
«Atamnyn Amanaty» ҚБ төрағасының орынбасары.
Суреттерді түсірген Қанат Мусин