Аудан әкімі республикалық олимпиада жеңімпаздарын марапаттады

Ауданымызда маңызды әрі қуанышты шара өтті — аудан әкімі Қанат Қожықаев республикалық деңгейде топ жарған оқушылар мен олардың жетекшілерін салтанатты түрде қабылдады. 2025 жылғы 25–29 қараша аралығында өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша ауданның 9 оқушысы жаратылыстану-математикалық бағытта жүлделі орындарды иеленіп, өңір мерейін үстем етті. Бұл жетістік аудандағы білім сапасының жоғары деңгейін, ұстаздардың кәсіби шеберлігін және жас ұрпақтың талпынысы мен ізденісін айқын көрсетті.
Кездесу барысында аудан басшысы жеңімпаз оқушыларға Алғыс хаттармен қатар планшет және смартфон табыстап, олардың еңбегін көпшілікке үлгі етті. Шәкірт тәрбиелеп жүрген жетекші ұстаздарға да аудан әкімінің Алғыс хаттары берілді.
Салтанатты қабылдауда аудан әкімі: «Сіздер тек өңіріміздің емес, елдің де үмітін ақтадыңыздар. Білімге деген ықыластарыңыз – болашақтың кепілі. Ізденісті тоқтатпай, алға жылжи беріңіздер. Біз әрдайым қолдаймыз», – деп оқушыларға жүрекжарды лебізін білдірді.
Бұл марапат – бір күндік қуаныш емес, ұзақ еңбектің әділ бағасы ретінде қабылданды. Ендігі мақсат – осы сенімді ақтап, одан да биік жетістіктерге қол жеткізу.
Жүлдегерлер мен олардың жетекшілеріне болашақта жаңа табыстар мен сәттілік тілейміз!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *