Ауыл тыныштығын күзеткен инспектор: Қорғасын ауылының учаскелік полицейі Айдос Сартаевтың бір күні 

Ауыл тыныштығын күзеткен инспектор: Қорғасын ауылының учаскелік полицейі Айдос Сартаевтың бір күні 
Ұлытау ауданына қарасты Қорғасын ауылы – шағын болғанымен, өзіне тән тіршілігі, тәртібі, жауапкершілігі бар елді мекен. Мұнда қоғамдық тәртіптің сақталуы, тұрғындардың қауіпсіздігі мен тыныштығы – учаскелік полиция инспекторының күнделікті еңбегінің нәтижесі. Осы ретте біз бірнеше жылдан бері осы ауылдың учаскелік инспекторы болып қызмет етіп келе жатқан Айдос Сартаевтың бір күндік жұмысымен танысып қайттық.
Айдос Сартаев жұмыс күнін ерте бастайды. Алдымен ауылдағы жағдай бойынша келіп түскен ақпараттарды саралап, тәуліктік арыз-шағымдарды қарайды. Тұрмыстық мәселелер, отбасылық даулар, профилактикалық есептегі азаматтардың жағдайы – бәрі инспектордың бақылауында.
«Ауылда әр адам таныс, сондықтан кез келген өзгерісті бірден байқайсың. Халықпен күнделікті байланыс – біздің жұмысымыздың басты принципі», – дейді инспектор.
Түске дейінгі уақытын Айдос Сартаев профилактикалық жұмыстарға арнайды. Ол есептегі адамдардың тұрғылықты мекенжайларын тексеріп, отбасылық жағдайлармен танысып шығады.
Әсіресе, маскүнемдікке бейім, қолайсыз отбасылармен жұмыс – жауапкершілігі жоғары бағыт.
Инспектордың айтуынша, «алдын алу» – қылмыстың ең тиімді профилактикасы.
Мектеп жастары, колледж студенттері, жасөспірімдер – ауылдағы ерекше бақылаудағы топ. Айдос Сартаев мектепке арнайы барып, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, жасөспірімдермен ашық әңгіме өткізеді.
Ол балалармен тіл табысу – болашақта көптеген құқықбұзушылықтардың алдын алудың кепілі екенін айтады.
Күн батқан соң ауылдың тыныштығын сақтау мақсатында кешкі рейд ұйымдастырылады. Аулаларды аралап, қоғамдық орындарды тексеріп, профилактикалық түсіндіру әңгімелерін жүргізеді.

Айдос Сартаевтың айтуынша, ауылдағы кез келген оқиғаға жедел әрекет ету – учаскелік инспектордың кәсіби міндеті ғана емес, тұрғындар алдындағы адамгершілік жауапкершілік.
Бүгінде Қорғасын ауылының тұрғындары учаскелік инспекторды жақсы таниды әрі сенім артады. Көпшілік оған тек тәртіп сақшысы ретінде емес, қажет кезде кеңес беретін, көмек қолын созатын жан ретінде қарайды.
Ал инспектор үшін халықтың сенімі – ең үлкен марапат.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *