Заң үстемдігі – тұрақты қоғамның тірегі
Заң үстемдігі – кез келген өркениетті мемлекеттің ең басты бағдары және қоғамдық қатынастарды реттеудің негізгі құралы. Заңның талаптары бұлжымай орындалғанда ғана қоғамда әділеттілік, тәртіп және сенім қалыптасады. Өйткені заң бәріне ортақ және бәріне бірдей қызмет етеді. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда да заң үстемдігі шешуші рөл атқарады. Заңы әлсіз елде әділдік те, даму да болмайды, сондықтан құқықтық мемлекет құру – заман талабы.
Тұрақты қоғам қалыптастыру үшін алдымен құқық бұзушылықтың алдын алу, тәртіпті күшейту және құқықтық мәдениетті көтеру қажет. Әр адамның заңға құрметпен қарауы қоғамның қауіпсіздігін арттыра түседі. Құқық қорғау органдарының жұмысы да ашық, әділ, тиімді болуы – заң үстемдігінің маңызды бөлігі. Мемлекеттік қызметшіден бастап қатардағы азаматқа дейін заң нормаларын қатаң сақтағанда ғана елде тұрақтылық пен тыныштық орнайды. Тәртіп сақталған жерде экономикалық даму да ілгерілейді, инвестициялық ахуал жақсарады, халықтың өмір сапасы артады.
Заң үстемдігі – жемқорлықпен, алаяқтықпен, әртүрлі құқық бұзушылықтармен күрестің де негізгі құралдарының бірі. Заң талаптарын бұзғандар міндетті түрде жауапкершілікке тартылуы қажет, бұл – әділдік қағидасы. Сонымен қатар қоғамда құқықтық сауаттылықты арттыру да өте маңызды, себебі заңды білмейтін адам өз құқығын да қорғай алмайды. Әр азамат өз құқығы мен міндетін дұрыс түсінгенде, қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылық нығая түседі.
Сондықтан заң үстемдігін қамтамасыз ету – тек мемлекеттік органдардың емес, барша халықтың ортақ міндеті. Заңды арқа тұтқан қоғам ғана дамудың даңғыл жолына шығады. Заңға сенген елдің келешегі кемел, болашағы баянды болары сөзсіз.