ЖЕРЛЕСІМІЗДІҢ ЖЕҢІСІ

Сыр бойынан Арқаға сүйіншілі хабар жетті. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 30 жылдығына орай Қызылорда қаласында өткен «Ұлттық Қауіпсіздік Барысы» жарысында жерлесіміз, ҰҚК офицері Қайыр Мұхамедия І орын жеңіп алып, «Түйе палуан» атанды.

Жаңаарқа – ән мен күйдің ғана емес, жауырыны жерге тимеген балуандардың отаны. Әйгілі Мұхаметжан Боқаев, Битабар балуаннан бастап, ағайынды Байшолақовтар және бүгінгі күнге дейін байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырынан түспеген ақжолтай жерлестерімізді тізе берсек, шағын ғана сүйіншілі хабардың көлемі көтермес. Әйтеуір, күрестің қай түрін (самбо, қазақ күресі, дзюдо) алсаңыз да, Жаңаарқаның даңқы асқақтап тұр.

Қайыр Төлеутайұлы – сол даңқты жерлестеріміздің жеңісті жолын жалғастырушы. Ол – Жаңаталап ауылының тумасы. Қазір Астана қаласында тұрады, Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Орталық аппаратының офицері.

Шалғайдағы шағын ауылда туып, жасынан спортты жанына серік еткен шымыр жерлесіміз үнемі формада жүретін офицерлер арасында өткен белдесулерде қарсыласын жапыра жығып, жеңіс тұғырынан көрінді. Командалық есепте де жерлесіміз өнер көрсететін Астана командасы бірінші орын алса, екінші күнгі «Түйе палуан» белдесуінде де Қайыр қарсылас шақ келтірмеді.

Сұңқар Сәкеннің кіндік қаны тамған (Жаңаталап Сейфолланың жайлауы болған) ауылда туып, Жаңаарқаның абыройын асқақтатып жүрген жерлесіміздің жеңісті жолы ұзағынан болғай!

Нұргүл ШАМАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *