МӘМС: ЖЕЗҚАЗҒАН УРОЛОГТАРЫ ЗАМАНАУИ ОТА ЖАСАУҒА ДАЙЫН

Бүгін Жезқазған қаласындағы облыстық көпбейінді аурухананың урология бөлімінде тарихи жағдай орын алды. Мұнда алғаш рет заманауи әрі жеңіл әдіспен бүйрекке ота жасалды.

Ретроградтық бүйрекішілік хирургия әдісінің басты ерекшелігі – денеге пышақ тидірмей, еш жерін тіліп-кеспей, бүйректегі тасты алу. Сонымен бірге дәстүрлі оталарға қарағанда аталған тәсіл қауіпсіз әрі оңалту мерзімі әлдеқайда қысқа болып саналады. 

Арнайы икемді құрал – уретероскоп науқастың несеп жолы арқылы бүйрекке дейін енгізіліп, лазердің көмегімен тастар майдалап үгітіледі де, сыртқа шығарылады. Мұндай оталар бұрын тек ірі қалаларда жасалатын. Енді ол Ұлытау облысының тұрғындары үшін де қолжетімді болып отыр.

Жаңа тәсілді үйрету үшін Қарағанды қаласынан тәжірибелі дәрігер Серік Жүнісов келіп, жергілікті урологтарға шеберлік сабағын өткізді. Сол күні-ақ төрт науқасқа ота жасалып, олардың бүйрегінен көлемді тастар сәтті алынды. Ота небәрі 30-40 минуттың ішінде аяқталды. Дәрігерлердің айтуынша, науқастар екі күннен кейін үйлеріне шығарылады.

Сол науқастардың бірі – Күлпан Түйебаева. Екі жылдан бері белі сырқырап, соңғы кездері дене қызуы жиі көтеріліп, тіптен мазасы қашқан екен. Зейнеткерге дәл осы әдіспен ота жасалып, 2 сантиметрлік тас алынды. Енді ол өзін жеңіл сезініп, дертінен құтылғанына қуанып отыр.

Облыстық аурухананың уролог дәрігері Сәбит Атабаевтың айтуынша, енді бұл әдіс тұрақты түрде қолданылмақ. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында ай сайын 10-15 науқасқа дейін осындай ота жасалады деп күтілуде. Бүйрегінде тасы бар адамдар тіркелген емханасы арқылы жолдама алып, жоспарлы түрде ота жасата алады. Ең бастысы – сақтандырылған мәртебесі болса жеткілікті.

Бұл – облыс медицина үшін үлкен серпіліс. Енді жергілікті тұрғындар ауыртпалықсыз, пышақсыз, тез әрі тиімді ем алу мүмкіндігіне ие болды.

Диана ОРАЗАЛИНА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *