Құрметті Парламент депутаттары және Үкімет мүшелері!
Қазір дүние жүзі жаңа тарихи дәуірге қадам басты.
Бұл дәуірдің барша адамзат үшін оңай болмайтыны анық. Алпауыт елдер мен халықаралық одақтар арасындағы қарама-қайшылықтардың ауқымы өсіп бара жатыр. Халықаралық қатынастағы шиеленістер мен озбырлықтың салдарынан қақтығыстар мен соғыстар белең алды. Кейбір мемлекеттердің ішкі және сыртқы саясатында әсіре ұлтшылдық күшейді.
Әлем экономикасында теңсіздіктер мен қайшылықтар ушыға түсті. Кейбір мемлекеттер экономикалық дамуда артта қалып, кейбір елдер жасанды интеллект саласында теңдессіз табысқа жетуде. Халықаралық құқықтың мән-маңызы кете бастады.
Ал Біріккен Ұлттар Ұйымы өзінің рөлі мен мәртебесіне сай қазіргі басты түйткілдерді шешуге қауқарсыз болуда.
Экологиялық және техногендік апаттардың кесірінен түрлі елдердің экономикасы орасан шығынға батуда.
Батыстағы этносаралық-дінаралық үйлесім мен мәдени әралуандық тұжырымдамасы дағдарысқа ұшырады. Жаһандық деструктивті күштер ұлттық мәдениеттер мен дәстүрлердің іргесін шайқауда.
Босқындардың саны көбейіп, көші-қон дағдарысы туындады. Адам саудасы, қару-жарақ пен есірткі саудасы да өршіп тұр.
Бұрын-соңды болмаған мүлде жаңа сын-қатерлер күллі адамзаттың қауіпсіздігіне нұқсан келтіруде. Тіпті жасанды интеллектіні пайдаланып, аса қауіпті қару жасайтындар пайда болды.
Геосаяси ахуалдың түбірімен өзгере бастағанын аңғартатын басқа да факторлар аз емес. Қысқаша айтсақ, әлемде жаңа геосаяси тәртіп орныға бастады.
Қазақстан – әлем қауымдастығының ажырамас бөлігі. Мемлекетіміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан.
Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса да, біз бәріміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық.
Менің негізгі мақсатым – осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруге тиіс. Сол үшін бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ өте маңызды жұмыс, аса жауапты азаматтық және ұлттық міндет.
Жұмысымыз қаншалықты күрделі болса да, біз міндетті түрде табысқа жетуіміз керек. Басқа жол жоқ. Себебі, бұл – еліміздің болашағы, халқымыздың тағдыры. Сондықтан барлық реформаны салмақты көзқараспен, мұқият, жан-жақты ойластырып, сапалы түрде жүзеге асыруымыз керек.
Баршаңызға мәлім, соңғы жылдары Қазақстанда ауқымды өзгерістер жасалды.
Еліміздің саяси жүйесі анағұрлым озық әрі ашық бола түсті. Азаматтарымыздың сана-сезімі, болмысы өзгеріп жатыр. Соның арқасында халқымыздың мемлекеттік институттарға, заңға және әділдік пен тәртіпке деген сенімі нығаюда.
Бірақ алдымызда ауқымды жұмыс бар. Қоғамды жаңғырту үшін әлі де көп шаруа атқаруымыз керек.
Қазір ел экономикасында реформалар жүргізіліп жатыр. Инфрақұрылымға және жаңа өндіріс орындарын ашуға қомақты инвестиция салынып жатыр. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатын және еліміздің әлеуетін арттыру үшін жасалып жатқаны айдан анық.
Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе, жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр.
Басқаша болуы мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе артта қалудың салдары өте ауыр болады.
Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек.
Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет.
Ол үшін, ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн.
Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуға тиіс.
Жаңа технологиялық қалыптың ажырамас бөлігіне айналу үшін бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін қайта құрып, оның азаматтар мүддесіне сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ ашықтығы мен тиімділігін еселеп арттыру керек.
Сондықтан қазіргі құзырлы министрліктің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын. Жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы керек.
Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажет. Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытамыз десек, жұмысымызды жаңаша тәсілмен жүргізуіміз керек.
Осы орайда, алдымызда тұрған мынадай маңызды міндеттерге тоқталып өткім келеді.
Бірінші. Елімізге қомақты инвестиция тарту керек. Қазір дүние жүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр. Жалпы, бұл жаман емес, осындай инвестициялар бізге қажет.
Бірақ қазір алдымызда тұрған міндет – басқа. Бұл – өңдеу саласына көбірек қаражат тарту. Сондықтан Үкімет инвестиция саясатына басқаша көзқараспен қарауы керек. Қажет болса, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруге болады. Сондай-ақ мемлекеттің инвестициясы мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару қажет.
Ірі инвесторлармен қатар орта және шағын инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеу керек. Қаражаттың қай бағытқа, қандай мақсатпен және қанша көлемде қажет екенін нақты білу қажет. «Инвестицияға тапсырыс» өндірістің сұранысына сай жасалуы керек.
Еліміздегі инвесторлармен қарым-қатынас жүйесі күрделі әрі бытыраңқы. Қағазбастылық көп, түрлі органдардың құзыреттері қайталанады. Ал қазіргі күрделі ахуал кезінде инвестиция тарту – кезек күттірмейтін мәселе, бізге жаңа ұстаным керек. Қалай болса да, инвестиция тарту бойынша барлық үйлестіру жұмысы тікелей Премьер-министрге жүктеледі. Жаңа министрлік құрудың қажеті жоқ.
Бірақ көзге оттай басылатын нәрсе: елімізде бірде-бір мекеменің атауында инвестиция деген сөз жоқ. Инвестиция тіпті, жетім бала сияқты үш-төрт мекемеге ортақ мәселе болып, өз жолын таппай жүр. Сондықтан Премьер-министр он күн ішінде нақты ұсыныс беруге тиіс.
Бұдан бөлек, Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын мейлінше қысқа мерзім ішінде әзірлеуді тапсырамын.
Меніңше, Бас прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетінің атауын Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет деп өзгертетін кез келді.Екінші. Өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беретін уақыт келді.
Бұл бағытта соңғы бес жылда бірқатар жетістік бар деп айтуға болады. Өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосымша құны екі есе өсіп, 17 триллион теңгеге жуықтады. Ал оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 12,4 пайызға жетті. Былтырдың өзінде 163 жаңа өндіріс іске қосылды. Соның нәтижесінде 12,5 мың тұрақты жұмыс орны пайда болды. Мысалы, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Атырау облыстарында машина жасау және металлургия саласындағы ірі кәсіпорындар ашылды. Биыл Алматыда әртүрлі автокөліктер шығаратын Қазақстандағы ең үлкен өндіріс орны жұмысын бастады. Бірақ бұл, әрине, жеткіліксіз.
Экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру керек. Ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілуге тиіс. Қазір бұл жұмыс жүйесіз жүргізіліп жатыр. Қолдау шарасын ұстанымдары мен талаптары әртүрлі институттар жүзеге асырады. Мұндай ахуал кәсіпкерлерді әбден шатастырады. Бұл саланы ретке келтіріп, үйлестіру жұмысын толығымен қолға алу керек.
Тау-кен металлургиясы қашанда Қазақстанның жаңа индустриалды қалыбының сенімді тірегі болып келеді. Оның ел экономикасындағы үлесі – 8 пайыз.
Бірақ саланың даму әлеуеті зор. Әсіресе, терең өңделетін өнімдерді шығаруға мол мүмкіндігі бар.
Жаһандық үдерістерге сәйкес, сирек кездесетін металдардың және айрықша қажет басқа да материалдардың маңызы арта түсті.
Бұл саладағы әлемдік өндірістер мен сауда-саттықтың жаңа желісінде өз орнын нықтап алуына Қазақстанның толық мүмкіндігі бар.
Біз алдағы үш жыл ішінде тау-кен саласында жоғары технологиялық өнім шығаратын кемінде үш кәсіпорынды іске қосуға тиіспіз.
Сондай-ақ Үкімет көмірсутегі шикізатын терең өңдейтін бірқатар озық жобаны жүзеге асыруы қажет.
Атырауда ірі газ-химия кешенінің құрылысы басталды. Павлодарда сұйытылған газды терең өңдеуге арналған жоба қолға алынды. Осы кәсіпорындардың дер кезінде іске қосылуын қамтамасыз ету керек.
Ілеспе газ бен сұйытылған мұнай газын қажетке жарату мәселесін түбегейлі қайта қараған жөн. Оны толыққанды экономикалық ресурсқа айналдыру қажет. Инвесторлар жобаларды жүзеге асырған кезде газ шикізатынан тапшылық көріп отыр. Сондықтан бұл мәселені де шешу жолдарын табуымыз керек, инвесторларды ұзақ уақыт газбен қамтамасыз етуге нақты кепілдік беретін жаңа тәсілдер ойластырған жөн.
Жобаның бәрін дер кезінде іске асырып, экономиканы цифрлық тұрғыдан жаңғырту үшін электр энергиясы жеткілікті көлемде болуы қажет. Қазір біз қуат көздерін жан-жақты жаңғыртып жатырмыз. Шетел инвесторларының қатысуымен ауқымды жобалар жүзеге асуда. Мысалы, алдағы бес жылда қуаты 6,3 гигаватт болатын «жасыл» энергия нысандарын іске қосу жоспарланған. Бұл қадам еліміздегі жасыл энергияның үлесін едәуір арттырады.
Бірақ Қазақстанның түпкі мақсаты – қуат көздерін өзгерту емес. Бұл – ең алдымен еліміздің энергия жүйесінің нақты мүмкіндігі мен мемлекетіміздің ұзақмерзімді мүдделеріне негізделген тұрақты даму жолы.
Осы орайда, ядролық энергетиканы дамытуға бет бұруымыздың мән-маңызы айрықша.
Бір ай бұрын Алматы облысында Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясына қатысты жоба «Росатоммен» бірге жүзеге асырыла бастады.
Бірақ экономиканы тұрақты дамыту үшін бұл жеткіліксіз. Екінші, тіпті үшінші атом электр станциясының құрылысын қазірден бастап жоспарлай беруіміз керек.
Жақында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен өткен кездесуде елдеріміздің атом саласындағы стратегиялық серіктестігі туралы уағдаластыққа қол жеткіздік.
Қазақстан әлемдік компаниялардың бәрімен өзара тиімді байланыс жасауға дайын. Бұл ұстаным еліміздің энергетикалық дербестігін қамтамасыз ету жөніндегі мақсатына сай келеді.
Қазақстанның сапалы көмір қоры орасан. Сондықтан оның табиғатты ластамайтынына кепілдік беретін озық технологияларды қолдана отырып, көмір энергетикасын дамытуға ерекше назар аудару қажет. Өзіміздің табиғи артықшылықтарымызды ел игілігіне дұрыс пайдалана білу керек.
Тағы бір маңызды міндет – геологиялық барлау жұмыстарын күшейту. Елімізде ауқымды аэро-геофизика зерттеулері әбден ескірген.
Цифрлық құралдарды пайдалана отырып, жер қойнауының заманауи картасын жасайтын уақыт келді. Мұндай қадам кен орындарының әлеуетін жаңа сапалық тұрғыдан бағалауға мүмкіндік береді. Бұл жұмысқа да халықаралық сарапшыларды тартуға болады. Әрине, ғылыми негізі болмаса, барлау жұмысын ойдағыдай жүргізу мүмкін емес.
Үшінші. Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажет. Бұл салаға тың серпін беру үшін мемлекет соңғы жылдары реформа жүргізіп жатыр. Қомақты қаражат бөлінуде, биыл шаруаларды қолдауға бір триллион теңге жұмсалды. Қажетті несиелер уақытында берілді. Мұндай ауқымды қолдау елімізде бұрын-соңды болмаған.
Бірақ агроөнеркәсіптің орасан зор әлеуетін толық ашуға бұл шаралардың әзірге жеткіліксіз екені анық. Мәселе – қаражаттың көлемінде емес, ең бастысы, оны тиімді пайдалану қажет. Озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы керек. Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Оған отандық және шетелдік инвесторлар қатысуда. Инвестицияның жалпы көлемі 2 миллиард доллардан асады. Үш мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Өнімдер әлемнің көптеген еліне тасымалданады. Мұндай жобалардың ауқымын кеңейту қажет. Әр аймақта дайын өнімді өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай біртұтас желі қалыптасуы керек.
Көптеген аймақта өндірістің барлық сатысын қамтитын үздік агрокәсіпорындар бар. Оларды жұртшылық жақсы біледі. Бұл кәсіпорындар цифрландыру тәсілдерін жаппай енгізу арқылы өндірістің тиімділігін әлдеқайда арттыруда.
Үздік агрокәсіпорындар ауыл шаруашылығы өнімін шығарудан бастап оны терең өңдеуге дейін тұтас өндірісті толығымен жолға қойып, зор табысқа жетіп отыр. Сондықтан осындай агрохолдингтердің тәжірибесін тарату үшін барынша жағдай жасаған жөн. Бұл – құзырлы министрліктің және қоғамдық ұйымдардың міндеті. Мұндай қадам инновациялар мен ғылыми жаңалықтарды ауыл шаруашылығында кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда ең өзекті міндеттің бірі, бұл – агрохабтар және логистика орталықтарын дамыту. Атап айтқанда, шетел инвесторларымен серіктестікті нығайту керек. Бірақ бұл жерде бір нәрсені ескеру қажет: отандық кәсіпкерлер қазіргі заман талабын дұрыс түсінбесе, яғни жасанды интеллектіні қалайша тиімді пайдалануға болатынын білмесе, табысты бизнес серіктестігін құра алмайтыны анық.
Министрлік мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеп, нақты қаржыландыру шараларын бастауы керек. Басты мақсат – ішкі нарықты етпен толық қамтамасыз ету. Сонымен қатар осы саланың экспорттық әлеуетін күшейту.
Елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту – Үкіметтің стратегиялық міндеті. Әрине, өзімізді өзіміз жүз пайыз қамтамасыз етуіміз мүмкін емес, бәлкім, оның қажеті де жоқ шығар. Бірақ нарықтағы қазіргі жағдайды айтудың өзі ұят. Бұған қоса, дәстүрлі ұлттық өнімдерімізді сыртқы нарыққа белсенді түрде таныту керек.
Сондықтан аграрлық экспорттың нақты жоспарын әзірлеу қажет. Онда логистика, ветеринарлық және фитосанитарлық стандарттар мен ұтымды маркетинг стратегиясы ескерілуге тиіс.
Бұл – Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғана емес, бірқатар мемлекеттік органның ортақ міндеті. Сондықтан іс-әрекеттерді Үкімет басшылығы деңгейінде үйлестіріп отыру керек.
Үкімет Еуразия аумағындағы сауда-саттықтың әділ жағдайда жасалуын нақты дәлелмен талап етуге міндетті. Ал депутаттар заңнамалық бастамалар арқылы отандық өнім өндірушілердің құқықтарын қорғауға тиіс.
Еуразия экономика одағына мүше басқа мемлекеттердің кәсіпорындарымен салыстырғанда, біздің кәсіпкерлеріміздің қажетті мөлшерде мемлекеттік қолдауға ие болмай отырғаны анықталды. Сол себепті олар тиімсіз жағдайларға тап болып, ішкі нарықтың өзінде бәсекелестеріне есе жіберіп жатыр. Бұл жерде сүт өндірушілер туралы сөз болып отыр.
Жер – стратегиялық ресурс. Оның бар игілігі елді дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға арналуы керек.
Мен игерілмей бос жатқан және заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлерін кері қайтарып, оны қайта бөлу туралы тапсырма бердім. Жер иесіз қалмауға тиіс, жерді тек қана оның қадірін білетін азаматтарға беру керек.
Төртінші. Көлік-логистиканы одан әрі дамыту керек.
Еліміз Еуропа мен Азияның арасын жалғап тұрған аса маңызды көпір болып саналатыны кеңінен белгілі. Былтыр біздің территориямыз арқылы жүк тасымалдау көлемі 1 миллиард тоннадан асты.
Сонымен бірге еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға әлі де зор мүмкіндік бар. «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі Парсы шығанағы мен Оңтүстік Азия елдерінің нарығына тікелей жол ашады. Ал «Шығыс – Батыс» дәлізі мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасы Қазақстанның Еуразиядағы негізгі құрлық жолы ретіндегі рөлін күшейте түседі.
Сондай-ақ біз үшін Транскаспий көлік бағытын дамытудың маңызы арта бастады. Бұл бағыттардың бәрі біртұтас жүйе сияқты жұмыс істеп, елімізге едәуір табыс әкелуі керек. Сондай-ақ инфрақұрылымды жақсартуға жаңа инвестиция тарту қажет, сапалы жұмыс орындарын ашуға ықпал етуге тиіс. Осы орайда, цифрлық тәсілдерді ауқымды түрде қолданған абзал. Онсыз ешқандай тиімділік болмайды.
Өңірлердің көлік байланысына қатысты мәселемен мықтап айналысу керек. Бұл жөнінде қазір көп айтылып жүр, соның ішінде халықаралық форумдарда да талқылануда.
Ірі транзиттік аймақ саналатын Қазақстан үшін бұл бағыт айрықша маңызды.
Біз таяуда Вьетнамға Қытайдың Ляньюньган порты арқылы бидайдың алғашқы легін жөнелттік. Ауғанстанда Пәкістан нарығына шығуға мүмкіндік беретін «Тургунди – Герат» темір жолын салу жоспарда бар.
Алайда жаңа көлік бағыттарына және жаңа нарықтарға жол ашатын мүмкіндіктер мұнымен шектелмейді. Алда атқарар шаруа көп.
Жалпы, әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр. Басқа да арзан балама бағыттар мен жолдар ұсынылуда.
Транзиттік тасымалдың көлемін арттырамыз десек, біз алдын ала әрекет етіп, әрдайым бір қадам алда болуымыз керек.
Тағы да қайталап айтарым, инфрақұрылымды жаңғырту ісін одан әрі жалғастырып, осы саладағы озық ел болу үшін цифрландыру мен жасанды интеллектіні кең ауқымда пайдаланған жөн.
БЕСІНШІ. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту – тұрақты дамудың негізгі факторы.
Үкімет пен жергілікті атқарушы биліктің әрекетсіздігі салдарынан еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы ондаған жыл бойы қараусыз қалып, бірте-бірте оның жай-күйі өте мүшкіл жағдайға түсті.
Қазір бұл ахуалды өзгертіп, инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр. Соның ішінде тарифтерді ырықтандыру, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын басқарудың жаңа моделін қалыптастыру сияқты шаралар бар.
Мұндай үлгі бойынша тарифтер өскен сайын халыққа сенімді әрі сапалы қызмет көрсетілуге тиіс.
Бұл іске «Ақылды қала» құру тұжырымдамасының көмегі тиері сөзсіз, оны еліміздің барлық өңіріне тарату керек.
Оған озық халықаралық тәжірибелерді қолданып, білікті басшыларды, соның ішінде шетел мамандарын тарту қажет.
Қазіргі жағдайда мемлекет пен бизнес серіктестік орнатпаса, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мүмкін емес. Бұл – аксиома.
Кейбір тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарын әкімдіктердің қарамағында сақтап қалу қажет пе, жоқ па деген мәселені жаңаша зерделеген жөн.
Жеке коммуналдық нысандарды мемлекет меншігіне алу – даулы мәселе. Оның бәрі ерте ме, кеш пе, қайтадан жекеге өтеді.
Сондықтан мемлекет бұл саланы бақылап, реттеумен айналысуға тиіс. Ал оның инфрақұрылымын жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу – жеке сектордың шаруасы.
Билік құрылымдары негізінен цифрлық тәсілдерді қолдана отырып, инфрақұрылым жобаларының ашықтығын қамтамасыз етуге міндетті. Сонда Үкіметке және әкімдіктерге азаматтардың сенімі нығая түседі.Бүгін мен еліміздің жасанды интеллект негізінде әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай оң ықпалын тигізетін жаңа саяси реформа туралы ойымды ортаға салғым келеді.
Бұл жерде парламенттік реформа туралы айтқалы тұрмын.
Жоғары өкілді билік тармағына қатысты реформаны бұған дейінгі барлық өзгерістің, соның ішінде Президент билігіне қатысты өзгерістердің заңды жалғасы деуге болады. Біз Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сәйкес билік пен халықтың арасында ашық әрі бүкпесіз диалог орнатып жатырмыз.
2022 жылы маусым айында елімізде жалпыұлттық референдум өтті. Онда азаматтарымыздың басым көпшілігі «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы негізінде мемлекетімізді жан-жақты жаңғырту стратегиясына қолдау білдірді. Соңғы жылдары Қазақстанда, тіпті, шетелдерде болып жатқан оқиғалардың өзі біз таңдаған бағдардың дұрыс екенін көрсетіп берді. Дегенмен бір жерде тоқтап қалуға болмайды.
Біз еліміздің және кейінгі ұрпақтың болашағын тереңнен ойлауымыз керек. Менің жылдың басында «Ана тілі» газетіне ауқымды сұхбат бергенімді білесіздер. Онда «Реформа – ұдайы жүретін үдеріс, қоғамда нақты сұраныс болса, жаңа реформалар әзірленеді» деп айттым.
Елімізде парламенттік реформа мәселесі кемінде жиырма жылдан астам уақыт бойы айтылып келеді. Осы мәселе ашық та, жабық та талқыланып жүргені ешкімге құпия емес. Бұл тақырып әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Сондықтан мемлекеттік жүйе дамып, азаматтарымыздың саяси мәдениеті өсіп келе жатқанын ескере отырып, бұл мәселені халықтың талқысына салу айрықша маңызды деп санаймын.
Сенат 1995 жылы елімізде күрделі әрі тұрақсыз саяси жағдай болып тұрған сәтте Парламенттің жоғары палатасы ретінде құрылды. Ол кезде мемлекеттігіміздің негізі енді ғана қалыптаса бастаған аса қиын жолдың басында тұрған едік. Сенатқа мемлекет құру ісіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету тарихи міндеті жүктелді. Өткен 30 жылда Сенат өзінің осы аса маңызды тарихи миссиясын абыроймен, тиімді атқарып шықты. Жоғары палата заң шығару үдерісінің, басқа да негізгі реформалардың айрықша маңызды тетігі әрі кепілі болып келеді.
Баршаңызға мәлім, мен Сенатқа он жыл басшылық еттім. Бұл жұмысты қашанда зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік деп санадым. Сондықтан маған осы мінберден парламенттік реформа туралы айту оңай емес. Соған қарамастан мен дәл бүгін елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергім келеді. Бірден айтайын, бұл – өте маңызды мәселе. Оны асығыс жүзеге асыруға болмайды. Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ, әрине, қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет.
Реформаның мән-маңызы айрықша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын. Содан кейін, яғни, 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуге болар еді. Содан соң Конституцияға тиісті өзгеріс енгізе аламыз.
Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым. Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын. Бұл – әлемде кеңінен тараған парламенттік рәсім. Осылайша, Мәжілістің қазіргі құрамы барлық заңдық рәсімдер аяқталғанша өз ісімен айналыса береді. Сенат жалпыұлттық референдумның қорытындысы шығып, жаңа Парламент сайлауы өткенге дейін алаңсыз жұмыс істейді. Ал саяси партиялардың бәсекелі тартысқа дайындалуына уақыты болады. Депутаттарымыз нағыз мемлекетшіл азамат ретінде бұл мәселеге зор жауапкершілікпен әрі түсіністікпен қарайды деп ойлаймын.