Ұлытау облысында Халықаралық әйелдер күнін атап өтті

Өңір тұрғындары үшін қазақстандық эстрада жұлдыздары мен көркемөнерпаздар ұжымдарының қатысуымен ерекше концерт ұйымдастырылды.
Ұлытау облысының әкімі Б.Әбдіғалиұлы әйелдерді келе жатқан мерекемен құттықтай отырып, олардың қоғамда ерекше орын алатынын атап өтті.

«Қазіргі уақытта атқарушы орган қызметкерлерінің жалпы санының 50% — дан астамын әйелдер құрайды, басшылық лауазымдарды әйелдердің 33% — ы атқарады. Сіздер Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлауға белсенді қатыса отырып, өңірдің және республиканың саяси өміріне өз үлестеріңізді қосасыздар. Сіздерге сәттілік пен жеңіс тілеймін! Сонымен қатар, облыста кәсіпкерлікті, оның ішінде әйелдерді қолдау жалғасуда. Мәселен, былтыр облыс әкімінің 54 грант иегерінің 32 жеңімпазы — қыздар. Сондай-ақ, бізде «Табысты отбасы» әлеуметтік жобасы іске асырылуда. Оған қазірдің өзінде 40 әйел қатысты. Аяулы арулар! Сіздерді келе жатқан мереке — Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің жаңа өңірдің өркендеуіне қосқан үлестеріңіз өте зор!» — деп атап өтті өңір басшысы.

Осыдан кейін облыс әкімі Б.Әбдіғалиұлы мен Жезқазған қаласының әкімі Қ.Шайжанов 11 көпбалалы ананы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапаттады.

Іс-шара жергілікті таланттар мен қазақстандық эстрада жұлдыздары Ерлан Малаев, Нұрлан Әмір, Жағыппар Айбек және Нұрман Арыстанның қатысуымен мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты. Залда болған барлық әйелдерге гүл тапсыру жағымды тосын сый болды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *