ӘЛЕМ – АНАЛАР ҚОЛЫНДА
Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді. Қоғамға еңбегі сіңіп жүрген, ауданымыздың өсіп-өркендеуіне зор үлес қосып, айналасына шуақ шашып жүрген нәзік жандар қатары көп. Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында аудандық С.Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұжымы асыл жандарды көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтап, мерекелік шара ұйымдастырды.
Мереке қарсаңында өткізілген кешті кітапхана басшысы Шынар Түлкібайқызы ақ тілегімен ашып, ардақты аналарды, түрлі салаларда еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерді төл мерекесімен құттықтады.
Мерекелік шара мемлекет пен қоғам өміріне белсене араласып, нәсібін өз кәсібінен тауып жүрген арулар мен отбасы ұйытқысына айналған аналарға мың бұралған би тартуымен басталды. Шарада аналарға, қыз-келіншектерге алғаусыз құрмет пен қошемет көрсетілді.
«Жұмақ – ананың табанының астында» деген тәмсілден тәлім алған қазақ халқының аяулы ана, асыл жар, ибалы келін, жанашыр қарындасқа деген құрметі әркез жоғары. Әйелдерден Пайғамбар шықпаса да, Пайғамбарды дүниеге әкелген Әйел-Ана екені даусыз. Кітапханада өткен бүгінгі шара нәзік жандыларға жасалып келген, жасала беретін осынау құрмет шеңберінде әркімге ой саларлық мазмұнға ие болғанын атап өту абзал. Кездесу барысында аяулы жандардың үйдегі, түздегі еңбектері сараланып, оларға жүректердің төрінен төгілген жылы лебіздер арналды.
— Халықаралық әйелдер күні — біздің баршамыз үшін ерекше ыстық көктемгі мейрам. Себебі, бұл — ең алдымен Аналарымыздың мерекесі. Ал адамзат баласы үшін анадан ардақты, анадан қымбат ешкім жоқ.
Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларында басымдық берілген әлеуметтік реформалардың негізі ана мен бала мүддесіне арналғаны жарқын болашаққа сенімімізді нығайта түседі, — деді мерекелік шара қонағы, аудандық «Жаңаарқа» газетінің бас редакторы Салтанат Аманқызы.
Мерекелік шара соңы кітапхана ұжымы дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Айта кету керек, ұжымды басқарып отырған Шынар Түлкібайқызы үнемі игі істер мен рухани шараларды өткізіп, ел алғысына бөленіп келеді. Кітапхана ұлт руханиятының алтын көмбесі десек, оның басшысы — рух жоқшысы. Осы тұрғыдан алғанда, Шынар Түлкібайқызы — ұлт құндылықтарын ұранмен емес, ұтқыр қадам, ұтымды ұйымдастырушылық деңгейінде түгендеп жүрген іскер басшы.
Біз де кітапхана ұжымын көрікті көктемнің жылуын ала келген Аналар мерекесімен құттықтап, еңбектеріне шығармашылық табыс тілейміз!
Өз тілшімізден.