Мемлекет басшысы Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловты қабылдады
Президентке тапсырмаларының орындалу барысы туралы мәлімет берілді. Сондай-ақ министрліктің мәдениет, спорт және туризм индустриясын дамытуға бағытталған бастамалары таныстырылды.
Мемлекет басшысына Алматы облысында спортшыларды олимпиадаға даярлайтын Республикалық базаның құрылысы туралы баяндалды. Нысан биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. 2025 жылға дейін жалпы 113 спорт нысаны салынады. Сонымен қатар министр Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы туралы айтты.
Бұдан бөлек, Президентке қазақстандық спортшылардың алдағы жазда өтетін Азия, Олимпиада ойындарына дайындығы және 2024 жылы елімізде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру жұмыстары туралы баяндалды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін мәдениет және мұрағат ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңмен өседі.