Адал еңбек – асыл мұра
Адам өмірінің мәні мен мағынасы – еңбекте. Еңбек ету – тек табыс табу немесе бір шаруаны атқару ғана емес, ол – жеке тұлғаның қалыптасуына, қоғамның дамуына, елдің өркендеуіне ықпал ететін ұлы күш. Ал сол еңбектің адал болуы – әр адамның рухани тазалығы мен адамгершілік деңгейінің көрінісі. Бүгінгі таңда елімізде 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланып отыр. Бұл бастама – адал еңбектің, қарапайым жұмысшылардың қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Дәнекерлеуші, электрик, құрылысшы, механик, аспаз, тігінші сияқты кәсіп иелері – ел экономикасының іргетасы. Қазақ халқы «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп бекер айтпаған. Бұл нақыл сөзде адал еңбектің қадірі, оның берер игілігі айқын көрінеді. Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу – жастарды нақты кәсіпке баулудың, еңбекке құрметпен қараудың, еліміздің болашағын нақты қолмен қалыптастырудың жолы. Бұл жыл жастарға тек жоғары білім емес, нақты мамандық иесі болудың да қаншалықты маңызды екенін түсіндіреді. Жұмысшы мамандықтарын ұлықтау арқылы біз еңбекке деген құрметті арттырып, қоғамның іргесін нықтаймыз.
Мархаба Атембекова, кітапханашы